
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғар ауданына жұмыс сапары барысында болашақ «Атлетико Мадрид» футбол академиясының құрылыс алаңына барып, жобаның жүзеге асу барысымен танысты.
Аталған жоба Талғар ауданындағы «Ақбұлақ» спорт орталығының базасында жүзеге асырылуда. 2024 жылдың қыркүйегінде «Sport Asset Management» қоғамдық бірлестігі мен «Doscar Group» ЖШС испаниялық «Атлетико Мадрид» футбол клубымен әріптестік туралы келісімге қол қойған болатын. Осы келісім аясында Орталық Азияда алғашқы «Атлетико Мадрид Қазақстан» футбол академиясын құру көзделіп отыр.
Академия құрылысы үш кезеңмен іске асырылады. Бірінші кезеңде – 2025 жылдың мамырында басталған балалар академиясының инфрақұрылымын салу жұмыстары 2026 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Қазіргі таңда қонақүй ғимараты қайта жаңартылып, бір футбол алаңының реконструкциясы жүргізіліп жатыр. Бұл нысан 2025 жылдың 30 маусымында пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Сонымен қатар, келесі нысандар бойынша жобалық құжаттар келісіліп жатыр:
- 20 киім ауыстыратын бөлмесі, душ, медициналық пункт, жаттығу және конференц-залдар, көрермендерге арналған алаң қарастырылған әкімшілік-тұрмыстық кешен;
- қысқы уақытта жаттығу өткізуге арналған жасанды жабыны бар жабық футбол залы;
- жасанды төсемі бар екі ашық футбол алаңы;
- қақпашыларға арналған жеке жаттығу алаңы;
- бұрынғы садақ ату алаңының орнына заманауи өткізу пункті (кіру аймағы, санитарлық тораптар, күту залы және кафетериймен).
Жобаның екінші кезеңінде кәсіби футбол клубтарына арналған инфрақұрылым салу жоспарланған: табиғи шөппен жабдықталған екі ашық алаң, бір жасанды алаң және толық жабдықталған әкімшілік кешен.
Үшінші кезеңде 10 000 орындық үлкен стадион салу көзделген.
Еске сала кетейік, бұған дейін Атлетико Мадрид академиясы Қазақстан мен Өзбекстанда дарынды жас футболшыларды іріктеуді бастайтыны туралы жазған едік.