Жаңалықтар

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды бордюр мен асфальтты жөнсіз ауыстыруды сынға алды

Дархан Сатыбалды бордюр ауыстыруды сынға алды / фото: ашық дереккөз

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Бостандық ауданындағы бірқатар инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысымен танысты. Қала басшысы жұмыс сапасына, көгалдандыруға және құрылыс мерзімдерінің сақталуына баса назар аударды.

Назарбаев даңғылы мен Ганди көшесінің қиылысындағы скверде тоған салынып, ұңғымалар бұрғылануда, инженерлік желілер тартылып жатыр. Әкім бұл аумақты көгалдандыруды күшейтуді тапсырды.

Әл-Фараби даңғылындағы Есентай өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы 60 пайызға аяқталған. Жасыл желекті сақтау үшін жобаға өзгерістер енгізілген. Әкім жұмысты кешіктірмей аяқтап, жағалаудың эстетикасына мән беруді талап етті.

1 500 орындық мектеп ғимаратында әрлеу жұмыстары жүріп жатыр, оқу жиһаздары жеткізілген. Мектеп жаңа оқу жылына дейін ашылады.

Торайғыров көшесіндегі жаяу жүргіншілер аймағы қазан айында толық аяқталады. Жоба аясында тротуарлар, веложолақтар, спорт және балалар алаңдары жаңартылып, жарықтандыру орнатылады.

Гагарин даңғылын (Жандосов — Абай аралығы) абаттандыру аяқталған. Мұнда орындықтар қойылып, жарық шамдары мен спорт алаңдары қалпына келтірілген.

Сапар қорытындысында Дархан Сатыбалды жол төсемдері мен бордюрлердің ақауы жоқ бола тұра ауыстырылып жатқанын сынап, мұндай жұмыстар тек нақты тозу немесе зақым болған жағдайда ғана жүргізілуі керек екенін қадап айтты.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қалада асфальт ауыстыру жұмыстары қашан бітетінін айтқан еді.