
9 маусым күні Португалия – Испания Еуропаның ең мықты құрамасы атағы үшін алаңға шығады. Финалдық ойын Астана уақытымен 23:50-де басталады және тікелей эфирді «Qazsport» арнасынан көруге болады.
Португалия — екінші титулға жақын
2019 жылы тұңғыш рет өткен Ұлттар лигасының алғашқы жеңімпазы болған Португалия құрамасы биыл да финалға жолдама алды. Жартылай финалда Роберто Мартинес баптайтын команда Германияны жарыстан шығарды. Екінші тайм басында Флориан Вирц есеп ашқанымен, Франсишку Консейсау керемет соққымен есепті теңестірді, ал көп ұзамай жеңіс голын Криштиану Роналду соқты. Егер Роналду осы финалда тағы да жарқырай түссе, турнирдің үздік сұрмергені атануы мүмкін.
Испания — үшінші жыл қатарынан жүлделі болғысы келеді
Ұлттар лигасының қазіргі чемпионы Испания құрамасы 2023 жылы осы турнирді, ал 2024 жылы Еуропа чемпионатын ұтқан. Енді Луис де ла Фуэнтенің командасы қатарынан үшінші ірі халықаралық турнирде топ жаруға жақын тұр. Жартылай финалда испандықтар Францияны 5:4 есебімен жеңді. Ойын барысында 4:0 есебімен алда болған «қызыл фурия» кей тұста әлсіз тұстарын да көрсетті. Сол себепті Микель Мерино қарсыласын бағаламауға шақырып отыр: «Португалия құрамасы – өте мықты, тек негізгі құрамына қарап-ақ бәрі түсінікті», – дейді ол.
Үшінші орын үшін матч: Германия – Франция
Финалдан кем түспейтін тағы бір маңызды кездесу – Германия мен Франция құрамалары арасындағы үшінші орын үшін матч. Бұл ойын Астана уақытымен 18:00-де басталады және оны да «Qazsport» тікелей эфирде көрсетеді.