Банк пен қаржы

Бес ел арасындағы ең төменгі көрсеткіш: Қазақстандағы нақты жалақы 1% ғана өскен

жалақы
Қазақстандағы жалақы қалай өсті / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылдың алғашқы үш айында Қазақстанда нақты жалақы небәрі 1,2%-ға өсті. Бұл – Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше бес елдің ішіндегі ең төмен көрсеткіш.

Қаңтар-наурыз аралығында Қазақстанда номиналды жалақы 10,7%-ға өсіп, 423 133 теңгеге ) жетті. Бірақ нақты жалақының өсімі сақталған инфляцияны есепке алғанда бар-жоғы 1,2%-ды құраған

Мысалы, Беларусьте нақты жалақы бір жылда 12,1%-ға, Қырғызстанда 10,7%-ға, ал Ресейде 3,4%-ға артқан. Арменияның өзі Қазақстаннан жоғары көрсеткішке ие – 3,1%.

Орташа айлық жалақы 423 133 теңгеге (шамамен 829 доллар) жеткенімен, инфляция мен бағаның қымбаттауы халықтың сатып алу қабілетін тежеп тұр. Яғни, табыс көбейгенімен, ол ақшаға алуға болатын заттар мен қызметтердің көлемі айтарлықтай артпаған.

Бұған дейін экономистер Қазақстанда жалақы өсімі мен ЖІӨ (ішкі жалпы өнім) өсімі арасында алшақтық бар екенін бірнеше рет атап өткен еді. Соңғы жылдары ел экономикасы өсіп келе жатқанына қарамастан, халықтың нақты табысы бұл өсімді сезіне алмауда. Мәселен, 2019 жылдан бері Қазақстанда нақты жалақының өсім қарқыны 3,3 есе төмендеген.

Бұл жағдай тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді. Жалақы өссе де, инфляцияны есепке алғанда оның шынайы құны жыл өткен сайын азайып барады. Дегенмен, елде айына 1,6 млн теңге айлық алатын мамандар бар.