Түркістан облысында 16 жасар қыздың денесі жол жиегінен табылды

Жарияланды
Фото: Дилара Иса

Түркістан облысы Ордабасы ауданы Төрткүл ауылында 16 жасар қыздың денесі жол жиегінен табылды. Ауыл тұрғындарының сөзінше, күдікті ретінде ауыл ішіндегі наубайханада жұмыс істеген еңбек мигранты ұсталып қамауға алынған. Артынша ауылда байланыс үзіліп, Төрткүлде жұмыс істеп жүрген барлық еңбек мигранты шығарылған. Қайғылы оқиғадан соң, ауылда күзет күшейтілген. Ауыл әкімдігі оқиға болғанын растады. Полиция оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Қайғылы оқиға 5 маусымнан 6 маусымға қараған түні болған. Ауыл тұрғындарының сөзінше, қыз өз отбасының дүкенінен үйіне шығып, жоғалып кеткен. Үйіне оралмаған оны туыстары мен ауылдастары полициямен бірге түнімен іздеп таппаған. Таңертең полиция оның денесін жол жиегінде орналасқан балабақша қоршауының маңынан тапқан. 7 маусым күні марқұмды туыстары ауыл шетіндегі зиратқа жерлеген.

16 жасар қызды кім, қалай өлтіргені әзірге белгісіз. Ауыл тұрғындары қыздың денесі табылған күні марқұмның отбасының дүкені жанында орналасқан наубайханада жұмыс істейтін еңбек мигрантын полицейлер ұстағанын айтады. Артынша ауылда байланыс үзіліп, күзет күшейген. Көп уақыт өтпей ауылда жалданып жұмыс істеп жүрген еңбек мигранттарының бәрі Төрткүлден шығарылған.

Қазір ауыл ішін зіл басқандай. Ауыл ішінде полиция күзеті күшейтілгені байқалады. Марқұмның отбасының дүкені де, дүкенге қатар тұрған наубайхана да жабық тұр. Екеуіне де құлып салынған.

Фото: Дилара Иса

Ауыл тұрғындарының сөзінше, марқұм отбасындағы төрт баланың кенжесі болған. Ол Шымкенттегі медициналық колледждің 1-курсында оқып жүрген. Құрбан айтта демалысқа Төрткүлге келіп, отбасына көмектескен. Ойда-жоқта кенжесінен айырылып қара жамылған отбасы әлі күнге ес жинай алмай отыр. Өзін марқұмның әпкесімін деп таныстырған әйелдің айтуынша, анасы есінен қайта-қайта танып, жедел жәрдем шақырып жатыр. Марқұмның туыстары әзірге қайғылы оқиға туралы пікір бере алмайтындарын айтты. Тек қайғыдан қан жұтқан әкесі күдіктіге: «Ату жазасын берсін», – деді көзі жасқа толып.

Ауыл әкімдігінің мәліметінше, ауыр оқиғадан кейін арнайы штаб құрылған. Төрткүл ауылдық округінің әкімі Нұрлан Сапаровтың айтуынша, қайғылы оқиғадан соң, Төрткүлде полиция патрулі қойылған.

«Ауылда келеңсіз жағдай орын алды. Жас қыздың өлі денесі табылды. Қазіргі таңда құқық қорғау органдары күдіктіні ұстады. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Патрулдік полиция кешкісін де бүкіл ауылды қадағалап отыр», – дейді Нұрлан Сапаров.

Фото: Дилара Иса

Облыстық полиция департаменті күдіктінің ұсталғанын растады.

«6 маусым күні сағат 07:05-те Түркістан облысы Ордабасы ауданы Төрткүл ауылында қыздың мәйіті табылды. Күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс қозғалды. Болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде», – делінген полиция хабарламасында.

Сондай-ақ оқыңыз