Шерзат ісінен кейін сотталғандардың туыстары үндеу жасады – видео

Шерзат Полаттың қазасынан кейін сотталғандардың туыстары үндеу жолдап, марқұмның отбасының әрекетін тексеруді сұрады.
Өзін Бауыржан Әбдірахманов деп таныстырған ер адам сотталғандардың ата-анасы, туыстары және Талғар ауданының бұл жағдайдан хабардар азаматтары атынан видео жариялаған.
«Іс бойынша айып тағылғандар сотталды, алайда біз бәрі дәлелденбеді және барлығы жазаланбады деп санаймыз. Шерзат Полаттың қазасынан кейін жәбірленуші тараптың өз мақсатына жету үшін жоспарланған және жақсы ұйымдастырылған іс-әрекетке барғаны байқалады. Олар әртүрлі құралды, соның ішінде әлеуметтік желіні, тыйым салынған психологиялық тәсілдерді, ашық арандатушылықты пайдаланды», – делінген Egov.Press каналында жарияланған видеода.
Олар осы іс төңірегінде жалған ақпарат тарап, пышақ ұстаған адам батыр ретінде саналды деп қабылданатынын жеткізген.
«Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов қайғылы жағдай болған түні екі рет адамдарға пышақ ала жүгірген. Бауыры Нұрқанат Ғайыпбаевтың жаназасында полиция қызметкерлеріне пышақ ұстап қоқан-лоқы көрсетті, полицияның көлігін зақымдады, Азат ауылында жолды жапты. Оның әпкесі Нұрымова қызметте жүрген полицейді күрекпен ұрды. Туысы Бақыт Реимова әлеуметтік желі арқылы тәртіпсіздіктерге шақырды», – дейді ол.
Видео үндеуді жасаған ер адам осыған байланысты бірнеше сұрақ туындайтынын айтқан.
«Елімізде заң әсер етпейтін немесе заңнан жоғары тұратын топтар бар ма? Бұл адамдарды мұндай әдістерді қолдануға кім үйретті? Олар атыс қаруын қайдан алған? Бұл әрекеттерді кім басқарып отыр? Олар не үшін әлеуметтік желілерде жабық топтар ашты? Олардың түпкі мақсаты қандай? Бұл әрекеттерді кім қаржыландырып отыр?», – дейді Бауыржан Әбдірахманов.
Сондай-ақ марқұмның отбасының әрекеті Талғар ауданының беделіне нұқсан келтіргенін айтқан.
«Мұндай әрекет қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықты бұзады деп санаймыз. Президенттен Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне осы топтың қызметін толық әрі мұқият тексеруді тапсыруды сұраймыз», – делінген үндеуде.
Шерзат ісі
2025 жылдың 5 маусымында Талдықорған сотында Шерзат Полат ісі бойынша сот үкімі шықты.
Абзал Шынасыл қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 99-бабы 2-бөлігі 5,9 және 14-тармағы (адам өлтіру), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 1,7 және 9-тармағында (адам өлтіруге оқталу) көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 23 жылға бас бостандығынан айырылды.
Равиль Сакиев қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 7 және 9-тармағында (адам өлтіруге оқталу) бойынша кінәлі деп танылып, 20 жылға бас бостандығынан айырылды.
Азамат Тоқтаубаев қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 188-бабы 1-бөлігі (ұрлық) бойынша кінәлі деп танылып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Нұрқияс Ілиясов қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол 2024 жылғы 4 сәуірде 2 жыл 6 айға бас бостандығынан шектеу жазасына кесілген. Үкімдердің жиынтығы бойынша бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген мерзімін ішінара қосу арқылы 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
Думан Ысқақ (2007 жылы туған) қылмыстық кодекстің 434-бабы (қылмысты жасыру) кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.