Істі болған бұрынғы көлік министрлері

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Сотты болған көлік министрлері/коллаж kursiv.media

2025 жылдың 8 маусымында Көлік министрлігін екі жылға жуық уақыт басқарған Марат Қарабаев қызметінен босатылды. Соған байланысты KursivMedia бұған дейін осы министрлікті басқарған шенеуніктерге шолу жасады. Олардың арасында бұрын істі болғандар да, жазасын өтеп жатқандар да бар.

Бұрын сотты болған Көлік министрлері

Бұған дейін Көлік министрлігін басқарған екі адам премьер-министр болды, алайда екеуі де кейін сотталды. Оның бірі – Кәрім Мәсімов. Ол 2000-2001 жылдары Көлік және коммуникациялар министрі қызметін атқарған.

2007-2012, 2014-2016 жылдары премьер-министр болды. 2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынып, 18 жылға бас бостандығынан айырылды.

Үкім 2023 жылдың сәуірінде шықты. Мәсімов қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі (мемлекетке опасыздық жасау), 179-бабының 3-бөлігі (билiктi күшпен басып алуға бағытталған әрекеттер жасау), 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы (билікті асыра пайдалану) бойынша кінәлі деп танылды. Сондай-ақ өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды.

Серік Ахметов

Сотты болған премьердің бірі – Серік Ахметов. Ол 2006 жылдың қыркүйегінде Көлік және коммуникациялар министрі болып тағайындалған. Содан кейін премьер-министрдің орынбасары болған.

Ахметов 2009 жылы Қарағанды облысының әкімі, араға үш жыл салып, премьер-министрдің бірінші орынбасары болды.

Ал 2012 жылдан 2014 жылдың сәуіріне дейін Үкіметті басқарды. Серік Ахметов сол жылдың қазанында қамауға алынды. Ол кезде қорғаныс министрлігін басқарып тұрды.

2015 жылдың 11 желтоқсанында Серік Ахметов сыбайлас жемқорлық әрекеті бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Қарағанды облысы сотының апелляциялық алқасы бірінші сатыда сот тағайындаған 10 жылдың орнына Серік Ахметовтің жазасын 8 жыл деп өзгертті. Ол 2017 жылы бас бостандығынан айыру жазасын бас бостандығын шектеуге ауыстырып, бостандыққа шықты.

Саяси аренадан көрінбей кеткен Серік Ахметов 2022 жылы сұхбат берді.

Серік Бүркітбаев ісі әскери сотта қаралды

Сотталған бұрынғы көлік министрлерінің қатарында Серік Бүркітбаев та бар. Ол бұл қызметті 1998-2000 жылдары атқарған. Содан кейін президенттің кеңесшісі, президент көмекшісі болған.

2008 жылы «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ президенті болды, бірақ үш айдан кейін қызметінен босатылды.

БАҚ-тағы ақпаратқа сәйкес, Бүркітбаевқа қатысты іс Әскери сотта жабық режимде қаралған.

Іс материалдары көпшілік үшін жабық. Тек сот отырысының 2018 жылдың 18  желтоқсанында басталғаны және 2009 жылдың 19 наурызында аяқталғаны белгілі.

Серік Бүркітбаев ісі әскери сотта қаралған/фото: kursiv.media

Абылай Мырзахметов екі рет істі болған

Бұрын көлік саласын басқарып, кейін сотты болғандардың бірі – Абылай Мырзахметов.

Абылай Мырзахметов 2001-2002 жылдары Көлік және коммуникациялар министрі болған. Ол кезде Мырзахметов 32 жаста болды. Содан кейін Мырзахметов қамауға алынып, шартты түрде 5 жылға сотталған.

БАҚ-тың хабарлауынша, оған бірден ұйымдасқан қылмыстық топты басқарудан бастап, қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыруға дейін Қылмыстық кодекстің бес ауыр бабы бойынша айып тағылған. Әңгіме «ҚТЖ-дағы» ұрлық жасау жайлы болған, шығын көлемі 3,3 млрд теңгені құрайды.

Алайда Мырзахметов кейін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасын басқарды.

Ол 2024 жылдың мамырында аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылған.

Сол кезде Мырзахметовтен қылмыстық жолмен алынған 5,8 млрд теңге сомасында ақша мемлекет кірісіне тәркіленген. Оған жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде 10 жыл мерзімге қызмет атқаруға тыйым салынды. 

Мырзахметов 2025 жылдың мамырында шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуға өтініш берді. Павлодар облысының соты бұл өтінішті қабылдамады.

Марат Қарабаев туралы не білеміз

2023 жылдың 1 қыркүйегінде елімізде 5 жаңа министрлік құрылды. Соның бірі – Көлік министрлігі. Сол жылдың 2 қыркүйегінде Марат Қарабаев көлік министрі болып тағайындалды. Оған дейін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болған.

Марат Кәрімжанұлы Қарабаев 1987 жылы туған. Ол Ташкент автомобиль жолы институтын, Ұлыбританияның Уорвик университетін, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 2011 жылы ауыл шаруашылығы министрлігінде сарапшы болып бастаған. Содан кейін индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне ауысқан. Ол жерде де сарапшы, бас сарапшы қызметін атқарған.

Бірнеше жылдан кейін қазіргі Түркістан облысында кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасы басшысының орынбасары, содан кейін басшысы болып жұмыс істеген.

2018 жылы цифрлық даму министрлігінде қызмет еткен. Алайда ол жерде де көп тұрақтамай, индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне қайта ауысады. Мұнда департамент директоры, индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы болған.

2021 жылы индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі; 2023 жылы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі қызметіне кіріскен.

2025 жылдың 8 маусымында Марат Қарабаев Көлік министрі қызметінен босатылды. Қазірге дейін ведомствоға жаңа басшы тағайындалмады.

Сондай-ақ оқыңыз