Жаңалықтар

2027 жылдың соңына қарай елдегі ауылдардың 99%-ы интернетпен қамтамасыз етіледі

2027 жылдың соңына қарай елдегі ауылдардың 99%-ы интернетпен қамтамасыз етіледі
2027 жылдың соңына қарай елдегі ауылдардың 99%-ы интернетпен қамтамасыз етіледі/Фото: shutterstock

Екі жарым жылда 3000-нан астам ауыл интернетпен қамтылады. Бұл Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ қол қойған инвестициялық келісімнен белгілі болды.

Министрлік қол қойылған мәміле аясында талшықты-оптикалық байланыс желісін салу жобасын іске асыру жоспардан бір жыл ерте – 2026 жылдың соңына дейін аяқталатынын хабарлады. Ал шалғай аудандардағы байланыс 2027 жылдың соңына дейін жерсеріктік байланыс арналарымен қамтамасыз етілмек.

«Жоба 2027 жылдың соңына қарай елдегі ауылдардың 99%-ын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Енді таяу арада мектеп, аурухана, әкімшілік ғимарат, бюджеттік ұйымдар, сондай-ақ қоғамдық кіру нүктелері мен мемлекеттік шекаралардағы 40-тан астам өткізу бекеттері желіге қол жеткізе алады. Ауылдық елді мекендерді талшықты-оптикалық (88%) және жерсеріктік арналар (12%) арқылы желіге қосады», – делінген министрлік хабарламасында.

Жобаға құйылған инвестициялардың жалпы көлемі 239 млрд теңгеден асатыны айтылды.

Азаматтар елді мекенінің интернетке қосылуы бойынша техникалық мүмкіндігін telecom.kz/ru/auylonline сайтынан тексере алады.

Бұған дейін, министрлік елде 100-ден астам ауыл 5G жылдам интернетіне қосылатынын хабарлаған.