Автобус апаты: Көкбауырынан айырылған жолаушыны ауруханадан шығарып жіберуі мүмкін

Фототілші Тұрар Қазанғапов Астанадағы автобус апатынан зардап шеккендер арасында әпкесі де бар екенін, оны ауыр жарақатына қарамастан осы аптада ауруханадан шығарып жібергелі жатқанын хабарлады.
Оның сөзінше, автобус апатынан әпкесінің көптеген сүйегі сынып, Астанадағы №1 ауруханаға түскен. Тіпті көкбауырын алып тастауға тура келген. Осындай ауыр жарақатына қарамастан оны осы аптада ауруханадан шығарып жіберуі мүмкін.
«Таңертең әпкем хабарласып, дәрігерлер науқастарды аралау кезінде осы аптада шығаруы мүмкін екенін айтқанын жеткізді. Біз әпкеміз оңалып келе жатқанына қуаныштымыз, алайда салдар туралы да ойлануымыз керек. Өйткені әпкем аурухана есігінен шыққаннан кейін жауапкершілік олардан алынады. Ертең оған бірдеңе болса, бұған аурухана кінәлі болмайды. Әпкем ол жерде ұзағырақ жатсын деп отырған жоқпыз. Айтпағымыз, залалдың деңгейіне қарай ауруханада жату нормасы орындалуы керек. Әпкемнің жағдайында ол 21 күн жатуға тиіс«, – дейді журналист.
Тұрар Қазанғапов әпкесін ауруханадан тезірек шығару арқылы «оңай жарақат алған етіп көрсетіп, өтемақы сомасын азайтқысы келіп отырған болуы мүмкін» деген күдігін жеткізді.
Ол әпкесінің денсаулығына келген зақым үшін «осынша төлеңдер» деген талап қоймайтынын, тек зақым деңгейі тиісті түрде бағалануы керектігін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, 2 маусымда Астана қаласындағы Республика даңғылында жолаушы автобусы ақпараттық тақта тіреуіне соғылған. Жол апатынан 15 адам зардап шеккен. Үш жолаушы ауруханаға түскен. Дәрігерлер бір айдан соң 8 жасқа толатын Алуа Бекеннің екі аяғын кесуге мәжбүр болған. Астана әкімдігі Алуаның отбасына пәтер беріліп, 29,6 млн теңге көлемінде өтемақы тағайындалғанын хабарлаған.
Жол апатынан кейін қылмыстық іс қозғалып, автобус жүргізушісі қамауға алынған.