
Президент – Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен жиын өткізді.
Жиывда мемлекет басшысы Қарулы Күштер жоғары қолбасшылығының алдында тұрған басым міндеттерді атаған.
«Ведомство жетекшілігіне басқару және әскери органдар құрылымын жетілдіру, әскери қызмет институтының резервін қалыптастыру, Арнайы операциялар мен аумақтық қорғаныс күштерін дамыту шараларын жүзеге асыру жүктелді. Сондай-ақ Қарулы Күштерді цифрландыру және оның жұмысында жасанды интеллектіні пайдалану тапсырылды», – делінген Ақорда хабарламасында.
Жиын барысында әскери борышты өтеуге жайлы жағдай жасаумен қатар әскери қызметшілердің кәсіби құзіретін жетілдіруге, оларға қойылатын талаптарды арттыруға мән беру қажет екені айтылған.
Президент сарбаздың өмірі мен денсаулығын сақтауға барлық деңгейдегі қолбасшылықтың жауапты екенін айтты.
Тоқаев 8 маусым күні Қорғаныс министрін ауыстырып, Руслан Жақсылықовтың орнына Дәурен Қосанов келген. Осы ретте Қорғаныс министрлігін басқарғандар несімен есте қалғанын шолып шыққанбыз.