Жаңалықтар

Жамбыл облысында прокуратураға қарасты департамент басшысы отставкаға кетті

Жамбыл облысында прокуратураға қарасты департамент басшысы отставкаға кетті
Жамбыл облысында прокуратураға қарасты департамент басшысы отставкаға кетті/Фото: За нами уже выехали

Бас прокуратураның Жамбыл облысы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті департаментінің бастығы Секер Бүркітбаев қызметінен босатылды. Бұл туралы «За нами уже выехали» телеграм арнасы жазды.

«Департамент басшысы Секер Бүркітбаев биылғы 2 маусымда өз еркімен берген хаттаманың негізінде атқарып отырған қызметінен босатылды», – деп келтіреді арна бас прокуратура хабарламасын.

Телеграм арна Бүркітбаев департамент қызметкері Әлия Қожабекованың даулы мәлімдемелерінен кейін отставкаға кеткеніне назар аударған. Прокурор Қожабекова Президентке жолдаған бірнеше видеоүндеуінде әріптестері заңсыз әрекетке барғанын айтқан.

Оның сөзінше, департамент ішінде соттылық туралы деректерді өшіру, статистикалық мәліметтерді бұрмалау сияқты жүйелі заңбұзушылықтар болған. Бұған қоса, Қожабекова бұған дейінгі тексерулердің барлығы формалды түрде жүргізілгенін мәлімдеген.

«Қазір департаментте үшінші мәрте тексеру жүріп жатыр. Бас прокуратураның мәліметінше, оны қадағалау органы мен уәкілетті мекемелердің білікті мамандары жүргізіп жатыр. Соған қарамастан, 4 маусымда Әлия Қожабекова тағы бір видеоүндеу жасап, өзіне «принципшіл ұстанымы үшін» қысым жасалып жатқанын айтты«, – деп жазады желілік арна.

Айта кетейік, Секер Бүркітбаев Жамбыл облысы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті департаментінің бастығы қызметін 2022 жылдың қазан айынан бері атқарып келген.

Бұған дейін, прокурорлар басшылық лауазымға тағайындалатын болса, полиграфологиялық тексерістен өтетіні хабарланған.