Жаңалықтар

Кеңес Рақышевтың шығынға ұшыраған компаниясы дивиденд төлемейді

Кеңес Рақышевтің компаниясы неге дивиденд төлемейді / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Кәсіпкер Кеңес Рақышевқа тиесілі Fincraft Resources компаниясы 2024 жыл үшін жай акциялар бойынша дивиденд төлемейді. Оған компанияның шығынға ұшырауы себеп. Бұл шешім 2025 жылдың 29 мамырында өткен акционерлердің жылдық жалпы жиналысында қабылданды.

Акционерлер қоғамның 2024 жылға арналған қаржылық есептілігін бекітіп, компания жылды шығынмен аяқтағанын растады. Нақтырақ айтқанда:

  • Шоғырландырылған қаржылық есеп бойынша жиынтық шығын – 4,2 млнтеңге;
  • Шоғырландырылмаған есепке сәйкес жиынтық шығын 365,9 млн теңгені құрады.

Fincraft Resources компаниясының негізі акционері – 78,85 пайыз жай акциясын иеленетін Fincraft Group LLP. Ал 15,72 пайыз акциясы BTA Bank JSC-ке тиесілі. Fincraft Group түпкі иесі -Кеңес Рақышев.

2024 жылы Fincraft Resources бірнеше активін иеліктен шығарды. Былтыр маусым айының соңында Nomad west oil мұнай компаниясының 50 пайыздық үлесінен құтылса, Батыс Қазақстан облысында гипс өндіріп жүрген «Индергипс» компаниясындағы үлесін сатты.Одан бөлек, 4 қарашадан жұмыс істемей тұрған «Орталық Азия инвестиция-консалтинг» деген еншілес мекемесін жапты.