Жаңалықтар

Қазақстан Болгарияға уран экспорттауы мүмкін

Қазақстан Болгарияға уран экспорттауы мүмкін / Фото: rosatom.ru, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан Болгарияның атом электр станцияларына (АЭС) уран жеткізуді бастауы мүмкін. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Нұрлан Жақыпов Ақордада журналистерге айтты

Оның айтуынша, Болгарияда қуаты шамамен 1,2 гигаватт болатын екі атом блогы жұмыс істеп тұр. Қазақстанда мұндай станцияларды уран шикізатымен қамтамасыз етуге қажетті ресурстар мен технологиялар жеткілікті.

Алайда Жақыпов жеткізілуі мүмкін уран көлемі туралы нақты ақпарат бермеді. Ол бұл мәліметтің әзірге құпия екенін атап өтті.

«Болгарияда екі блоктан тұратын АЭС жұмыс істеп тұр. Біз бұл нысанға қазақстандық уранды жеткізу арқылы екі ел арасында ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік бар деп санаймыз», – деді ол.

Бұған дейін Қазақстан Румынияға жеткізілетін уран көлемін арттыратыны белгілі болған.