Жаңалықтар

Әскерилер ЖОО-ға грантқа түскен жігітті неге әскерге алып кетті – министрлік жауабы

НУ
Нзарбаев университетіне түскен жігітті көшеден ұстап, әскерге алып кету жағдайына қатысты Қорғаныс министрлігі мен ЖОО жауабы / Коллаж: kursiv. media; бильд-редактор: Милош Муратовский

Қазақстанда жастарды көшеден ұстап алып, әскерге алып кету науқаны белсенді жүргізіліп жатыр. Дәл осындай жолмен, әскерге алынған жігіттің қарындасы жақында әлеуметтік желіде жазба жариялап, ағасына араша түсуді сұрады.

Аға арманы

Элмираның айтуынша, ағасы Нұрсұлтан Назарбаев мектебін тәмамдап, Назарбаев университетіне грантқа өткен. Қажетті құжаттарды 25 маусым күні тапсыруы тиіс еді. Алайда Нұрсұлтанды әскерилер көшеден ұстап алып кеткен. Қарындасы енді ағасының арманы орындалмайтынын және гранттан айырылатынын айтады.

«Нұрсұлтан өз мақсатына жету үшін Foundation бағдарламасын аяқтап, НУ-ға жарна төлеп, университеттен шақырту алды. Бұл құжат үш міндетті талапты анықтайды. Бірінші талап – 100 мың теңге төлеу еді. Оны орындадық. Ендігі талап – 25 маусымға дейін университеттің жеке кабинетіне қажетті құжаттарды тапсыруы керек. Оның қазір әскерде екенін ескерсек, бұл талапты орындау мүмкін емес. Бұл оның мемлекеттік гранттан айырылуына әкелуі мүмкін. Бұл жағдайда оның отбасы аталмыш беделді университеттегі оқу ақысын төлей алмайды. Осылайша, әскери комиссариат пен құқық қорғау органдарының өкілдері заңсыз әрекеттерімен талантты жігіттің жарқын болашағына нүкте қойылды», – деп жазды Элмира өзінің парақшасында.

Қорғаныс министрлігінің жауабы

Мәселенің анық-қанығын білу үшін KursivMedia редакциясы Қорғаныс министрлігіне осы жағдай бойынша сауал жолдаған болатын. Министрлік әскерилер әрекетінің заңды екенін мәлімдеді. Министрлік Foundation бағдарламасы әскерден уақытша босатуға негіз бола алмайтынын хабарлайды.

«Аталған азаматқа қатысты жасалған әрекеттер толығымен заңды», – деп мәлімдеді министрлік.

Назарбаев университеті де бұл бағдарлама бойынша студенттердің әскери борышын өтеуден босатылмайтынын хабарлады. Десе де, университет тарапынан бұл мәселені шешуге ата-аналарға ЖОО тарапынан барынша қолдау көрсетіліп жатқанын хабарланды.

«Университет қазіргі уақытта студент ретінде құқықтық мәртебесі берілмеген Foundation дайындық бағдарламасының түлектеріне қатысты мәселелерімен айналысып жатыр. Біз мүдделі тұлғалармен – өтініш берушілердің туыстарымен, Ғылым және жоғары білім министрлігімен және Қорғаныс министрлігімен тікелей байланыс орнатып, мәселені шешуге күш салып жатырмыз», – делінген университет жауабында.

Сондай-ақ Назарбаев университеті талапкерлерге сәуірден тамызға дейінгі кезеңде әскери қызметті шегеруге мүмкіндік беретін студенттік мәртебесі жоқ екенін алдын-ала ескерткенін де мәлімдеді.

Екінші жағдай

Дәл осындай келеңсіз оқиға туралы осыдан бір апта бұрын өзінің фейсбуктағы парақшасында журналист Халима Тәжіқұл хабарлады. Айтуынша, құрбысының Түркияда оқитын ұлын каникулға келген кезінде түнгі уақытта ұстап алып, әскерге алып кеткен.

«Құрбымның баласы Түркияда оқиды. Каникулға елге келген. Оқитын университетінен анықтама әкеліп, тиісті базаға енгізген екен. Кеше достарымен кездесуге барып, үйіне қайту үшін такси күтіп тұрғанда біреулер көлікке күшпен мінгізіп, военкоматқа алып кетіпті. Әй-шай жоқ, ескерту жоқ, студентпін дегеніне қарамай көлікке малша тиеп алып кеткен. Бала шешесіне екі сөз ғана жазып үлгеріпті: «мама, военк…». Болды. Осыны жазып жатқанда телефонды қолынан жұлып алған», – делінген жазбада.

Анасы баласын қаланың әскери комиссариатынан тауып, ұлының шетелде оқитынын, анықтамасы базаға енгізілгенін айтқан. Алайда, ол анықтама базада тек 10 күннен кейін көрінеді екен.

«Военкомдар жұмыс емес уақытта адам аулауға көшкен бе? Ешкіммен соғысып жатқан жоқпыз, мән-жайды сұрап, тексеріп, ескертуге болмай ма? Сосын әлгі анықтама базадан неге он күннен соң көрінеді?!» – деп жазады журналист.

Қорғаныс министрлігі не себепті жігіттерді көшеден ұстау жағдайлары жиілеп кеткенін түсіндермеді. Десе де, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Қамалетдинов осындай фактілер бар екенін мойындап, «бұған жол беруге болмайтынын» атап өтті.