Жаңалықтар

Қазақстан мен Болгария Транскаспий халықаралық дәлізін бірге дамытпақшы

Қазақстан мен Болгария
Қазақстан мен Болгария Транскаспий халықаралық көлік дәлізін бірге дамытпақшы / Фото: Ақорда

Қазақстан мен Болгария Транскаспий халықаралық көлік дәлізін бірге дамытпақшы. Екі ел президенттері арасындағы келіссөз барысында тараптар халықаралық дәлізді дамыту бойынша өзара түсіністік меморандумына қол қойған. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Ақорданың мәліметінше, екі ел мынадай құжаттармен алмасқан:

  • Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Болгария Республикасы Көлік және коммуникациялар министрлігі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
  • Астана мен София қалалары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  • Шымкент және Пловдив қалалары арасында бауырластық қарым-қатынас орнату туралы меморандум;
  • Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Болгария Республикасының Сыртқы істер министрлігі Дипломатия институты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
  • «Қазақстанның сыртқы сауда палатасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Болгарияның сауда-өнеркәсіп палатасы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.

Стратегиялық маңызы бар серіктес

Құжат алмасу рәсімінен кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Болгария президенті Румен Радевке елге алғаш рет ресми сапармен келгені үшін ризашылығын білдіріп, Қазақстанның Болгарияны стратегиялық маңызы бар серіктес ретінде қабылдайтынын айтқан.

«Жалпы, Қазақстан Болгарияны стратегиялық маңызы бар серіктес ретінде қабылдайды және сіздің мемлекетіңізбен қарым-қатынасты одан әрі дамытуға үлкен мән беруде. Қазақстан мен Болгария арасында дипломатиялық қатынас орнағанына өткен аптада 33 жыл толды. Сіздің сапарыңыз осы мерейлі межеге тұспа-тұс келіп отыр. Осы уақыт ішінде біздің елдеріміз барлық деңгейде өзара сенім рухындағы саяси диалог орнатты. Нақты шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Екі елдің сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстары нығая түсті», – деді Тоқаев.

Екі ел қандай салалар бойынша ынтымақтастық орнатады?

Бұдан бөлек президент екі елдің халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастығы кеңейіп жатқанын атап өткен. Соның нәтижесінде бүгінгі келіссөздің де мазмұнды өткенін, нақты уағдаластыққа жол жеткізілгені айтылды.

«Сауда-экономика және инвестиция саласындағы байланыстың ауқымын кеңейтуге баса назар аудардық. Екі ел арасындағы алыс-беріс өсіп жатыр, бұл – жақсы үдеріс. Біз өзара сауда-саттық көлемін арттыра түсуге келістік. Қос мемлекеттің мүддесіне сай келетін жаңа инвестициялық жобаларды пысықтауға уағдаластық. Әсіресе, мұнай-газ, жаңартылатын энергия, «жасыл» энергетика, атом өнеркәсібі, цифрландыру, инновация, жасанды интеллект, ғарыш саласы, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, мәдени-гуманитарлық байланыстар және туризм сияқты салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру маңызды екенін атап өттік», – деді президент.

Көлік-логистика саласы

Жиында екі елдің көлік-логистика секторындағы байланысты дамыту мәселесіне ерекше назар аударылған. Екі ел стратегиялық сауда жолы саналатын Транскаспий халықаралық көлік дәлізі жобасы бойынша Болгариядағы «Бургас» және «Варна» сынды маңызды теңіз порттарын қосу мәселесін талқыға салған.

Сонымен бірге президент Қазақстанның Болгариямен басқа да салалар бойынша ынтымақтастық орнатуға ынталы екенін мәлімдеген.

«Болгарияның ғарыштық зерттеулер мен технологиялар, қорғаныс өнеркәсібі саласындағы озық тәжірибесін зерделеп, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенімізді жеткіздім. Елімізге Президент Румен Радевпен бірге Болгарияның ірі кәсіпкерлері келді. Бүгін бизнес форум өтеді, бірқатар коммерциялық құжатқа қол қойылады. Бизнес-форумға біз, екі ел басшылары да қатысатын болдық. Бұл екіжақты ынтымақтастыққа айрықша мән берілетінін аңғартады. Біз елімізде жұмыс істегісі келетін Болгария компанияларына қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Мен іскер топтардың ықпалдастығын нығайту үшін «Қазақстан – Болгария» іскерлік кеңесін құруды ұсындым», – президент.

Еске сала кетсек, бүгін, 9 маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Болгария президенті Румен Радевті Ақордада қарсы алған болатын.