Жаңалықтар

Мемлекеттік базадан алынған азаматтардың жеке деректерін сатқан 140 адам ұсталды

жеке деректер
Қазақстандықтардың жеке деректерін мемлекеттік базадан заңсыз алып, таратумен айналысқан топ құрықталды / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Мемлекеттік базадан қазақстандықтардың жеке деректерін заңсыз алып, таратумен айналысқан 140 адам ұсталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«ІІМ-нің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, қазақстандықтардың жеке мәліметтерін интернетте заңсыз сатқан қылмыстық топтың жолын кесті», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Деректер коллекторлық компанияларға берілген

Баспасөз қызметінің мәліметінше, деректер мемлекеттік базалардан заңсыз алынған. Заңсыз жолмен алынған бұл деректер Telegram арналары арқылы таратылып отырған. Ең қызығы, құзырлы органдар тексеру кезінде кейбір коллекторлық компаниялардың осы арналардан азаматтардың жеке деректерін сатып алғанын анықтаған.

Тексеру жұмыстарының нәтижесінде құзырлы органдар 140-тан астам адамды ұстаған. Олардың ішінде компания иелері мен Telegram арналарының әкімшілері бар. Бұлардың ішінен бес күдікті қамауға алынған.

Қандай баптар бойыншы іс қозғалды?

ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбайдың айтуынша, тінту жұмыстары кезінде 400-ден астам компьютерлік және басқа да электрондық техника тәркіленген. Ал деректерді таратумен айналысқан азаматтардың үстінен Қылмыстық кодекстің мынадай баптары бойынша іс қозғалған:

  • ҚК 205-бабы 3-бөлігіақпараттық жүйеге заңсыз қол жеткізу;
  • ҚК 147-бабы 5-бөлігі жеке өмірге қол сұғу және жеке деректер туралы заңнаманы бұзу;
  • ҚК 211-бабы 3-бөлігішектеулі электрондық ақпараттық ресурстарды заңсыз тарату.

«Осы заңсыз әрекетке қатысы бар адамдардың толық шеңбері анықталуда. Ішкі істер министрлігі азаматтардың цифрлық қауіпсіздігін бұзатын құқыққа қарсы әрекеттердің жолын кесу және жеке деректердің таралуына жол бермеу бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастыруда», – деді Сүйінбай.

Жеке деректердің таралу фактісі

Еске сала кетсек, 2024 жылдың желтоқсан айында Мәжіліс депутаты Айдос Сарым қазақстандықтардың жеке деректері авиабилеттерді сатып алу сервисінен ұрланғанын айтқан болатын. Өйткені елдегі авиакомпаниялардың барлығы да, билеттерді сату үшін шетелдік сервистерді пайдаланады. Депутат осылай жалғасса, шетелдің арнайы қызметі елдің мемлекеттік қызметкерлері мен басқа да азаматтарына қатысты деректерге оңай қол жеткізуі мүмкін деген күдігін жеткізген еді.

Артынша, Цифрлық даму министрлігі бұл деректердің ресейлік «Сирена-Трэвел» атты компаниясынан ұрланғанын растады. Сонымен бірге жеке деректері ұрланған азаматтардың отандық әуе компанияларын жеке деректерін сақтамағаны үшін сотқа бере алатынын айтты.

Ал мамыр айында Ішкі істер министрлігі азаматтардың жеке деректерінің таралуына байланысты тергеу жұмыстары басталғанын хабарлады.

Осы орайда айта кетсек, енді қазақстандықтар жеке деректерінің таралып кеткені туралы ақпаратты eGov Mobile арқылы біле алады. Мемлекеттік порталға осы мақсатта Nomad Guard сервисі қосылған.