Украина Ресейдің тағы бір аэродромына шабуыл жасап, екі әскери ұшағын жойды

Аэродромға шабуыл
Украина Ресейдің тағы бір аэродромына дрондармен шабуыл жасап, екі әскери ұшағын жойған. Сонымен бірге украиналық ұшқышсыз басқарылатын құрылғылар арқылы Қазан қаласындағы оқ-дәрі шығаратын зауытқа шабуыл жасалған. Нысан өртке оранып, жұмысын тоқтатқан. Бұл туралы Ресей мен Украина БАҚ-тары жазды.
9 маусым күні таңға жуық Украина дрондары Нижегород облысында орналасқан Саваслейка аэродромына шабуыл жасаған. Нәтижесінде МиГ-31 және Су-30/34 екі әскери ұшағы жойылған. Украиналық бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, «Кинжал» аэробаллистикалық зымырандарын таситын әскери ұшақтар дәл осы әуежайдан ұшырылады.
Оқ-дәрі зауыттары өртенді
Сонымен бірге украиналық дрондар Чуваш республикасында орналасқан әскери радиоэлектронды жүйелер мен әскери техника жабдықтарын шығаратын зауытқа шабуыл жасаған. Жергілікті билік зауыт жұмысының уақытша тоқтағанын хабарлады.
Бұдан бөлек Қазан қаласындағы оқ-дәрі шығаратын зауытқа да әуеден шабуыл ұйымдастырылып, нысан өртке оранған. Бұл зауытта «Калибр», «Искандер» ракеталары үшін авиациялық оқ-дәрілер шығарылып келген.
Еске сала кетсек, осыған дейін Ресейге ауқымды «Өрмек» әскери операциясын ұйымдастырып, шалғайда орналасқан бірнеше әскери аэродромына шабуыл жасаған болатын. 1,5 жылға созылған әскери операция кезінде дрондар жүк көліктерінен ұшып шығып, әскери ұшақтарға шабуыл жасады. Шабуыл нәтижесінде 20-ға жуық әскери ұшақ жойылғаны хабарланды. Украина тарапы ресми түрде 40-тан астам әскери ұшықтың жойылғанын мәлімдесе, Ресей тарапы небәрі бірнеше ұшаққа зақым келгенін хабарлады. Ресейдің 20 шақты әскери ұшағын жоғалтуы мүмкін екенін АҚШ пен Еуропаның барлау қызметі хабарлады.