Мемлекет Қаржаубай Нұрымовқа үй салып беретін болды

Мемлекет Қаржаубай Нұрымовқа үй салуға көмек беретін болды. Бұл туралы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігі хабарлады.
Әкімдіктің баспасөз қызметінің KursivMedia-ға берген жауабына қарағанда, қазіргі таңда құрылыстың рұқсат құжаттары дайын.
«Жергілікті атқарушы органдар тарапынан түсіндірме жұмыстарынан кейін, өтініш иесі рұқсат құжаттарын рәсімдеу үшін барлық қажетті құжаттарды тапсырды. Қазіргі уақытта барлық құжаттар толық дайындалды», – деп хабарлады Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Әкімдіктің хабарлауынша, құрылыс жұмыстары алдағы уақытта басталады деп жоспарланып отыр. Мемлекет Қаржаубай Нұрымовқа жәрдемдесуге әзір.
«Аудан әкімдігі құрылыс барысын қадағалап, өз өкілеттігі аясында қажетті қолдау көрсететін болады», – дейді әкімдік өкілдері.
Қоғам белсендісі Жан Ахмадиев әлеуметтік желі арқылы Қаржаубай Нұрымовтың үйін бітіру үшін жылу жиналуы мүмкін екенін тұспалдаған еді.
Айта кететін жайт, Талғар қаласының іргесіндегі, Қаржаубай Нұрымов тұратын Азат ауылы Еңбекшіқазақ ауданына қарайды.
Шерзат Полаттың қазасынан кейін, Қаржаубай Нұрымовтың үйін белгісіз біреулер өртеп кеткен. Оқиға орнынан айғақ заттар – канистра мен қолғап табылды. Қасақана өрт қою ісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Билік қаскөйлерді анықтау үшін ресейлік жерсеріктік жүйенің қызметіне жүгінетінін хабарлады.
Мұның алдында KursivMedia Шерзат ісінен кейін, Талғар билігінің қалай отставкаға кеткені туралы жазған еді.