Lifestyle

Қазақстанда көліктің киесі, жаны бар деп есептейтіндер неге көп

Қазақстанда көліктің киесі туралы ырым бар / ЖИ
Қазақстанда көліктің киесі туралы ырым бар / Фото: ЖИ

Қазақстанда көліктің киесі, жаны бар деп есептейтіндер өте көп. Сондықтан елімізде автомобиль жай ғана қозғалыс құралы болудан қалған.

Қазақ халқында аң-құстың, жануарлардың киесі туралы ұғымды мал мен аңшылықтан ажыраған бүгінгі буын оп-оңай көліктерге таңып жатқандай.

Ырым ба, шындық па?

Қазақстанда көліктің жаны бар, киесі бар деген түсінік кеңінен таралып жатыр. Көліктің ішінде айтылмайтын, жасалмайтын нәрселер – табу мен эвфемизмдер жиі кездеседі.

Мәселен, жаңа көлік алғың келсе, мұны қазір тақымдап жүрген темір тұлпарыңыздың көзінше айтпағаныңыз жөн. Онда иесіне көңілі қалып, жол көлік апатына ұшырауыңыз немесе аяқ астынан бұзылып, шығындалуыңыз ғажап емес.

«Мен де бұрын мұндай дүниелерді қиял-ғажайып ертегі ретінде қарайтын едім. Десе де, көлігімді сатқым келгенін барлық жерде жасырмай айтып жүрдім. Көп ұзамай, көлігім бұзылып, оталмай қалды. Қанша рет жөндеткенмен, нәтиже бермеді. Көп шығынға баттым. Сосын осындай ырымдарға сене бастадым», – дейді алматылық Дарын Исахан.

Мұндай наным-сенімге ондаған мысал келтіруге болады. Бірдеңеге ұрынбау үшін көлігінің ішін «рухани тұрғыдан» таза ұстауға тырысып жататындар да бар. Яғни, оның ішінде арақ-шарап ішпеуге, махаббат ойынын ойнамауға, көлігі туралы жаман сөздер айтпауға ұмтылады. Тіпті, оның ішінде отырып, жол-көлік апаттары туралы сөз қозғау да – табу.  

Таза көлік ширақ жүре бастай ма?

Жүргізушілердің бірсыпырасы мәшинесін киелі, иесінің қас-қабағынан ішкі ниетін түсіне қоятын жаны бар таңғажайып мақұлық көретіндей.

 «Мәшиненің жай ғана темір екенін білемін. Бірақ оның киесі бар. Әр көліктің өзіне тән мінез-құлқы бар. Сондықтан лас нәрселерді жолатуға болмайды. Көліктің жаны жоқ та шығар. Бірақ жаман дүниелер жаман аура жинауға түрткі болуы мүмкін», – деп сенеді жүргізуші Райхан Данияр.

Тағы да бір қызық жайт, жүргізушілердің дені көліктердің тазалықты жақсы көретінін айтты. Әр жуып, тазартқан сайын, бабы келіскен сәйгүліктей жүрісі ширай түспек. Кір-қожалақ болса, жүрісі де ауырлай түсетін көрінеді.

Көліктің киесі, жаны бар деп білетіндер әлеуметтік желіде қызу талқыланып та жатады.

«Ырымшыл адамдар көп. Бірақ көлік – жай ғана техника. Оның бұзылуы техникалық ахуалына байланысты. Ал жол-көлік апатынан сақтану үшін жүргізушілердің ережелерді берік ұстанғаны абзал. Ал машинелердің жуған сайын жақсы жүруі адамның өзінің ішкі сезімінен болар. Таза, әдемі жерде көңіл-күйдің көтерілетіні анық нәрсе. Бұл ырымдардың бәрін қолдамаймын. Бірақ көлікті ұдайы таза ұстау керек дегенді мақұлдаймын», – дейді автосарапшы Дәурен Бекбол.

Мұның алдында Toyota RAV4-ге ұқсайтын дизайны бар жаңа Mazda CX-5 кроссовері туралы жазған едік.