
Бір апта бұрын Астанада автобус апатынан зардап шеккен сегіз жастағы Алуа Бекеннің отбасы әкімдіктен пәтер алады. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек хабарлады.
Бұған қоса, оқушы қыздың отбасына 29,6 млн теңге көлемінде өтемақы беріледі. Жол апатынан зардап шеккен тағы екі азаматқа да көмек көрсетіледі. Ауруханада жатқан бұл екеуі сақтандыру төлемін алады.
Астана әкімдігі Алуаға көмек көрсететінін бір күн бұрын Бала құқығы жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева да жазған. Оның айтуынша, оқушы қыз далаға шығып, ауладағы балалармен ойнағысы келеді. Сол себепті анасының қолына көп сұранады
Естеріңізге сала кетейік, 2 маусымда Астана қаласындағы Республика даңғылында жолаушы автобусы ақпараттық тақта тіреуіне соғылған. Жол апатынан 15 адам зардап шеккен. Үш жолаушы ауруханаға түскен. Дәрігерлер бір айдан соң 8 жасқа толатын Алуа Бекеннің екі аяғын кесуге мәжбүр болған.
Астанадағы ірі жол апатынан кейін қылмыстық іс қозғалды. Автобус жүргізушісі қамауға алынды.