
АҚШ президенті Дональд Трамптың үш басты кеңесшісі дүйсенбі күні Лондонда Қытай өкілдерімен кездеседі. Олар әлемнің екі ірі экономикасы арасындағы сауда дауын шешуге тырысады. Бұл туралы Reuters хабарлады.
Басылым мәліметінше, Құрама Штаттардан келіссөздерге қаржы министрі Скотт Бессент, сауда министрі Говард Лютник және сауда өкілі Джеймисон Грир қатысады. Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде осылай деп жазды.
Қытай сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, вице-премьер Хэ Лифэн 8-13 маусым аралығында Ұлыбританияда болады. Ол Қытай-АҚШ экономика және сауда кеңесінің алғашқы отырысына қатысады.
5 маусымда Трамп Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөйлескен. Олар бір-бірін еліне шақырып, сауда келіссөздерін жүргізуге келіскен.
Вашингтон мен Бейжің арасындағы сауда соғысы әлем экономикасына кері әсер етіп жатыр.
12 мамырда әлемнің екі ірі елінің делегациялары Женевада кездесіп, кейбір баж салығын 90 күн алып тастай тұруға келіскен. Соның арқасында қаржы нарығы қайта көтеріліп, америкалық индекстер жоғалтқан үлесінің әжептәуір бөлігін қайтарған.