Тоқаев Ақордада Болгария президентін қабылдады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Президент Болгария презиженті Румен Радевті қарсы алды / Фото: Ақорда
Президент Болгария президенті Румен Радевті қарсы алды / Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Болгария Президенті Румен Радевті қарсы алды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін, екі ел басшылары келіссөз жүргізген. Қасым-Жомарт Тоқаев Болгарияның Қазақстанның Еуропадағы маңызды серіктестерінің бірі екенін, бұл серіктестік әлі де жалғасын табатынын атап өткен.

«Екі елді тамыры терең саяси және экономикалық ынтымақтастық байланыстырады. Әртүрлі саладағы екіжақты қарым-қатынастарымыз тұрақты дамып келеді. Мұны сенімді саяси диалогтан, парламенттер арасындағы нәтижелі ықпалдастықтан, сауда мен инвестицияның қарқынды өсуінен, халықтарымыздың байланысы мен әлемдік қоғамдастықтағы өзара қолдаудан анық аңғаруға болады», – деді президент.

Сонымен бірге екі елдің арасында сауда айналымы артқанын, жақсы үрдіс жалғасын табатынын айтқан. Тоқаев елде жұмыс істейтін 60-қа жуық болгар компаниясын осы ынтымақтастыққа дәлел болатынын атап өткен.

Фото: Ақорда

«Біздің нарықта 60-қа жуық болгар компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта біз тау-кен өнеркәсібі, өндіріс, көлік және құрылыс салаларында жемісті ынтымақтастық орнаттық. Энергетика, транспорт және логистика, жасыл энергия, атом өнеркәсібі, ғарыш, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, денсаулық сақтау, туризм секілді перспективті салалар бойынша ықпалдастықтың әлеуеті зор», – деді Тоқаев.

Сөз алған Румен Радев Болгария елінің Қазақстанмен арадағы серіктестікті жоғары бағалайтынын айтқан.

«Болгария екі ел арасындағы дәстүрлі әрі табысты байланысты жоғары бағалайды. Мемлекетіңізді өркендетуге бағытталған ауқымды реформаларыңыз бен көреген саясатыңызды қолдаймын. Біз Қазақстанды Орталық Азиядағы басты серіктесіміз санаймыз. Сіздердің осыған дейінгі табыстарыңыз таңғаларлық: экономикаларыңыз қарқынды өсіп келеді, инновация, ғылым, білім, жоғары технология салаларында зор табысқа жеттіңіздер. Кеше мен Ғарыш орталығын аралап көрдім. Сіздердің жетістіктеріңізден жақсы әсер алдым», – деп мәлімдеді Болгария президенті.

Айта кетсек, 10-11 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаев Словакия премьер-министрі Роберт Фицоны қарсы алады. Мұның алдында президент Италия премьер-министрі Джорджа Мелониді әуежайдан қарсы алған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз