2024 жылы өндірісте 202 адам қаза тапты – Жақыпова

2024 жылы 1408 адам өндірісте жазатайым зардап шегіп, олардың ішінде 202 адам қаза тапқан. Бұл туралы Үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтты.
«2024 жылы жазатайым оқиғалардан 1 408 адам зардап шекті, олардың ішінде 202 адам қаза тапты. 445 мыңнан астам жұмыс орны әлі де зиянды және қауіпті ретінде жіктеледі», – деді министр.
2023 жылы бұл көрсеткіш бұдан да жоғары болған. Ол жылы өндірісте 1474 адам зиян шегіп, 251 адам қайтыс болған. Жұмысшылар көп зардап егетін сала – тау-кен өндірісі. мұндағы көрсеткіш 18%, құрылыс саласындаға көрсеткіш – 10%, мұнай саласында зардап шегетіндер – 4%-ды құраған.
Өндірісте қызмет етіп, еңбек қабілеттілігін жоғалтқан
Жалпы елде, өндірісте қызмет ететін 15 976 азамат кәсіптік еңбекке қабілеттілігін жоғалтқан. Оның ішінде 8 204 адам кәсіби аурулардан және 7 771 адам өндірістік жарақаттардан зардап шеккен.
Министр бұл көрсеткіштердің еңбек қорғау саласындағы тәсілдерді одан әрі жүйелі түрде жаңарту қажет ететінін айтты. Енді министрлік тарапынан формалды бақылаудан тәуекелдерді басқаруға көшуге, профилактикалық шараларды күшейтуге және жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалуын арттыруға бағытталған шаралар қабылданбақшы.
2025 жылы қанша адам қаза тапты?
Өкінішке қарай, осы жылдың басынан бері өнідірсте кеншілер мен жұмысшылардың қаза тапқаны туралы ақпарат көп болды. Мәселен, 21 қаңтар күні «Қазақмыстың» Жезқазғандағы «Анненск» шахтасында жұмысшы қаза тапқаны туралы ақпарат тарады. Ал ақпанның 17 күні «Қазақмыстың» Ұлытаудағы Жомарт кенішінде тау массасы опырылып, 7 кенші қайтыс болды. Жұмысшылардың денесін құтқарушылар 18 ақпан күні тапты.
19 наурызда «Қазақмыстың» Ұлытау облысындағы Шығыс-Жезқазған кенішінде тағы бір жұмысшы қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. 1994 жылғы жұмысшының жүк оқпаны алаңындағы саңылауға құлап кеткені айтылды. Ертеңінде яғни, 20 наурызда «Қазақалтын» компаниясының Бестөбе кен орнында бір жұмысшының қаза тапқаны хабарланды. Жұмысшының үстіне тау массасы құлаған.