Психикалық орталықта «екі қызды зорлаған» санитарлар 15 жылға сотталды

Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығында емделген екі қызды зорлады деп айыпталғандарға қатысты үкім шықты. Орталық санитарлары 33 жастағы Нұрбек Даржанов пен 43 жастағы Нұрлан Дүйсебаев 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Айыпталушылар кінәсін мойындамаған, олардың қорғаушылары «бұл – жала» деп отыр. Ал жәбірленушілер сот үкімімен келіседі.
Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Самидин Темірәлиев айыпталушылар Нұрбек Даржанов пен Нұрлан Дүйсенбаевты Қылмыстық кодекстің «Зорлау» бабымен кінәлі деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айырды. Оған қоса оларды педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырды.
Олар жазаны қауіпсіздігі орташа түзеу мекемелерінде өтейтін болды. Екі сотталушы да 2024 жылдың қараша айында қамауға алынған еді. Олардың сот үкімі күшіне енгенге дейін қамауда жатқан бір күні жаза мерзімінің бір жарым күні деп есептелінетін болды.
Сонымен бірге жәбірленушілер соттан моралдық өтемақы туралы азаматтық талап түсірген. Сот бұл талапты ішінара қанағаттандырды. Нақтырақ айтқанда, судья жәбірленушілердің әрбіріне сотталушылардан 5 млн теңге көлемінде моралдық зиян өтдірілсін деп шешті. Бұл өтемақыны 2 ай ішінде өтеу міндеттелді.
Даржанов пен Дүйсебаев Шымкенттегі Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығында санитар бақылаушы болып жұмыс істеген. Екеуі де бұрын сотты болмаған, отбасылы, кәмелет жасқа толмаған балалары бар. Өткен жылы оларға орталықтан ем алуға келген екі қызды зорлады деген айып тағылған. Жәбірленушлердің бірі кәмелет жасқа толмаған қыз. Ол орталықта ем алып жатқан кезде бойына бала біткені анықталып, артынан денсаулығына байланысты түсік жасатқан еді.
Жәбірленушілердің бірі кәмелет жасқа толмағаны, іс «Зорлау» бабымен қаралғанына байланысты сот жабық өтті. Сот үкім оқып жатқанда сотталушылар мен олардың туыстарын өздерін фото, видеоға түсіруге тыйым салды. Олардың кейбірі сот үкімін жылап тыңдады.
Судья облыстық денсаулық сақтау басқармасына жекеше қаулы шығарды. Оны алдағы уақытта мұндай кемшіліктерді болдырмауға бағытталған шараларды көру үшін Шымкент қалалық полиция департаменті пен қалалық прокуратураға жекеше қаулы жіберді.
Сот үкіміне сотталушылар пікір білдірмеді. Ал олардың туыстары мен қорғаушылары үкімімен келіспейтінін, үкім біржақты шыққанын, апелляциялық шағым түсіретіндерін мәлімдеді.
Сотталушы Нұрбек Даржановтың әкесі Тағайбек Даржанов сот шешіміне қарсымын деп отыр. Оның пікірінше, айыптың бәрі ойдан құрастырылған жалған жала.
«Жаланың арқасында кетіп жатыр екі бала. Жалғанның құрбаны болып кетті. Тергеуші түсікке уақытылы сараптама тағайындамаған. Сараптама 10 күннен кейін жасалған, жарамсыз болып қалған. Уақытылы сараптама тағайындалғанда, бала кімнен екені анық болатын еді. Баламның айыбы болса, пешенесінен көретін еді. Апелляциялық шағым түсіреміз, Президентке дейін шағым жазамыз. Бізге дәлелін әкеліп көрсетсінші, үндемей қоятын едік. Ешқандай дәлел жоқ қой, дәлел», – дейді Тағайбек Даржанов ашынып.
Нұрбек Даржановтың қорғаушысы Батырбек Арынтаевтың айтуынша, тергеуде де, сотта да Даржановтың кінәсі дәлелденбеген.
«Қатаң бақылауға жатқызған кезде санитар бақылаушылар өз қызметтерін атқару барысында ішкі тәртіпті сақтауды талап еткен. Жәбірленушілер ішкі тәртіпті сақтамай бас араздықтары туындаған. Содан санитарлардың үстінен арыз жазатынын, соттататынын айтқан. Бұл қорғауымыздағылар үшін үйреншікті әңгіме болған соң мән бермеген. Іс бойынша ешбір дәлелдеме жоқ. Сотта іс біржақты қаралды деп санаймыз», – дейді қорғаушы.
Сотталушы Нұрлан Дүйсебаевтың қорғаушылары да үкіммен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретіндерін мәлімдеді. Ал жәбірленушілер керісінше сот үкімімен келіседі. Айтуларынша, бұған дейін айыпталушылар ақталып кете ме деп күдіктенген. Олар тергеу кезінде де, сот тергеуінде де түрлі қысым болғанын айтады.
22 жастағы жәбірленушінің қорғаушысы Жамал Бакированың айтуынша, облыстық психикалық денсаулық орталығындағы бейнебақылау камералары тергеу кезінде алынбауы салдарынан орталық оны жойып жіберген.
2024 жылдың қараша айында Шымкенттегі Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығында емделген екі қыз «мекеме қызметкерлері бірнеше рет зорлады» деп мәлімдеген еді. Олардың бірі кәмелет жасқа толмаған болатын. Ол зорлықтан кейін бойына бала бітіп, денсаулығына байланысты түсік жасатқан. 22 жастағы жәбірленуші орталыққа «депрессиямен», ал кәмелет жасқа толмаған қыз «шизофрения» диагнозымен ем алу үшін келген.
Полиция «Зорлау» бабымен іс қозғағанымен күдіктілер анықталмағанын айтқан жәбірленушілер кінәлілер жазадан құтылып кете ме деп алаңдаған. Көп өтпей полиция күдікті ретінде екі санитардың ұсталғанын хабарлаған болатын.