«Бақытты өмір сүрді»: Сәкен Мамаштың ағасы жанжал ақша мәселесінен туған деп санайды

Сотқа тартылған бұрынғы дипломат Сәкен Мамаштың ағасы Нұржан Мамаш қылмыстық іске қатысты пікір білдіріп, ерлі-зайыпты арасындағы дауға не себеп болғанын айтты.
«Екеуінің отбасылық өмірінде ешқандай зәбір көрсету болмаған. 11 жыл бірге тұрды, ештеңе естіген емеспіз, келініміз арыз-шағым айтқан емес. Екеуі бақытты өмір сүрген, бір ұл, бір қызы бар. Сәкен 4 жыл Бельгиядағы елшілікте жұмыс істеді. Содан кейін Астанада бір жыл жүрді. Кейін Біріккен Араб Әмірліктеріне төрт жылға кетті. «Қинау» болған емес.
Жыл сайын еңбек демалысына шыққан кезде қара шаңырақта 2-3 күн ғана болатын. Жылына кемінде бір-екі рет демалысқа барып тұрды. Сәкен ұрып-соққан емес. Келінімізді жақсы қабылдадық, ініміз кеш үйленді», – дейді Нұржан Мамаш.
Айтуынша, даудың бәрі қаражаттан басталған. Карина Мамаш Сәкен Мамаштың қайырымдылықпен айналысатынына қарсылық білдірген, дейді ол.
«Желідегі видеоларға сараптама жүргізілді. Ол жерде «дәлелденбеді» деп шықты», – дейді Нұржан Мамаш.
Прокурор не дейді?
Қылмыстық істегі мемлекеттік айыптаушы Жәңгір Сәдуақасов 10 маусымда жәбірленушіден жауап алу басталғанын айтты. Оның сөзінше, сот тергеуі жабық өтіп жатқандықтан, жәбірленушінің берген жауабы жарияланбайды.
«Жәбірленушінің өтінішхаты негізінде сот отырысы 20 маусымға дейін шегерілді. Содан кейін жабық режимде жауап алу жалғасады. Қылмыстық іс үш томнан тұрады. Іс құжаттарын зерттеу басталған жоқ. Істе куәгерлер бар. Мамаш қылмыстық кодекстің 110-бабы (қинау) бойынша айыпталып отыр. Бұл бапта 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Осы тұста сотталушының кінәлі не кінәсіз екенін айтуға ерте, қорғау тарабы өз ұстанымын айтады», – дейді прокурор.
Істің мән-жайы
Сәкен Мамашқа қатысты сот процесі 2025 жылдың 10 маусымында басталды. Жәбірленушінің өтініші бойынша іс жабық режимде қаралады.
Ал Мамаш 2025 жылдың сәуірінде қамауға алынды. Сот барысында ол өзіне қатысты бұлтартпау шарасын өзгертуді сұрады. Алайда сот оған негіз жоқ деп тапты.
Айта кетейік, Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісінің кеңесшісі болған Сәкен Мамаштың әйелі Карина Мамаш 2024 жылдың мамырында видео жариялады. Ол жерде 10 жыл бойы күйеуінен қорлық көргенін айтқан. Сол жағдайдан кейін дипломат елге шұғыл түрде шақырылды.
Содан кейін дипломаттың үстінен іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеуді Астана қаласы Есіл ауданы полиция басқармасы жүргізді. Тергеу қылмыстық кодекстің 110-бабы (қинау) бойынша жүргізілген.