Адвокат Сәкен Мамаштың әйелін ұрғаны үшін жазасын өтеп қойғанын мәлімдеді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Адвокат Сәкен Мамашқа қатысты істі тоқтатуды сұрады/фото: kursiv.media

Астанада экс-дипломат Сәкен Мамаштың ісі бойынша сот процесі басталды. Қорғау тарабының адвокаты Бейбітжан Сайлауұлы экс-дипломатқа қатысты қылмыстық істі тоқтатуды сұрады, деп хабарлайды KursivMedia.

Адвокат сотталушы Мамаштың бұған дейін әйелін соққыға жыққаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын, ал бұл істің не себепті қозғалғанын түсінбейтінін айтты.

Адвокаттың айтуынша, Карина Мамашқа жеңіл дәрежедегі дене жарақатын келтіру фактісі БАӘ аумағында болған.

«ҚР Сыртқы істер министрлігінің жауабына сәйкес, ерлі-зайыптылар арасындағы жанжал Қазақстан аумағынан тыс жерде болған. Сол себепті бұл іс Қазақстанның тергеу органдарына немесе прокуратурасына жолданбаған», – деді адвокат.

Ал Мамаш аудандық сот қаулысына сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 15 тәулікке қамауға алынған.

«ҚР Конституциясына сәйкес, ешкім бір құқық бұзушылық үшін екінші рет әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылмауға тиіс. 5 мамырдағы оқиға екі процеске де негізі болып отыр. Бір оқиғаны қалайша әкімшілік және қылмыстық деп екіге бөліп отырғанын түсінбеймін», – деп түйіндеді адвокат.

Судья тараптарды тыңдап, мұндай өтінішхат жолдауға әлі ерте екенін айтып, қабылдамады.

Айта кетейік, қылмыстық іс 3 томнан тұрады. 10 маусымда Сәкен Мамаш ісінде жәбірленушіден жауап алу басталды. Алайда сот 20 маусымда жалғасатын болды. Бұған жәбірленушінің өтінішхаты себеп болған.

Істің мән-жайы

Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшісінің кеңесшісі болған Сәкен Мамаштың әйелі Карина Мамаш 2024 жылдың мамырында видео жариялады. Ол жерде 10 жыл бойы күйеуінен қорлық көргенін айтқан. Сол жағдайдан кейін дипломат елге шұғыл түрде шақырылды.

Содан кейін дипломаттың үстінен іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеуді Астана қаласы Есіл ауданы полиция басқармасы жүргізді. Тергеу қылмыстық кодекстің 110-бабы (қинау) бойынша жүргізілген.

Мамаш 2025 жылдың сәуірінде қамауға алынды.

Сондай-ақ оқыңыз