Алматыда телеарна қызметкерлері редакция ауласынан бірнеше жылан көрді

Алматыда «Мир 24» телеарнасының операторы Алексей Рубежанский әріптесімен бірге редакция маңынан бірнеше жылан көргенін хабарлады.
Ол Көк-төбе мұнарасының маңындағы редакцияның күнгей жағына қарай шылым шегуге шыққан кезде күнге қыздырынып жатқан бірнеше бауырымен жорғалаушыны байқаған.
«Олар шамамен 4-5-еу болды», – деген ол жыландар сурет-видеоға түсіріп бастаған кезде бұта арасына қарай кіріп кеткенін жеткізді. «Жыландарға тиіспедік, арнайы мамандар шақырмадық, неміз бар, жайына қоя бердік», – дейді Алексей.
Телеарна қызметкерінің сөзінше, жыландар өздеріне қауіп төндірмеген.
Биыл бауырымен жорғалаушылар адам аяғы көп жүретін жерде жиі кездесіп жүр. Жуырда Бесағашта бір үйдің ауласынан бес жылан табылған. Оның алдында Талғар ауданында құтқарушылар жер үйден екі метрлік жылан ұстаған болатын. Сондай-ақ Таразда жылан сауда үйінің ішіне кіріп кеткен болатын.