Мұратхан Тоқмәди жаза мерзімін қысқартуға өтініш түсірді

Банкир Ержан Тәтішевті өлтіргені үшін кінәлі деп танылған Мұратхан Тоқмәди жаза мерзімін қысқарту туралы арыз түсірген. Арыз ертең, 11 маусым күні Алматы облысының Алатау қалалық сотында қаралады. Бұл туралы Тәтішевтер отбасы хабарлады.
Тәтішевтер Тоқмәдидің арызы бойынша сот өтетінін кеше ғана білгенін айтады.
«Сот отырысы туралы біз, Тәтішевтер әулеті, әдеттегідей БІР күн қалғанда ғана білдік. Ал Тоқмәди сотқа арызын БІР ЖАРЫМ АЙ бұрын жазған екен. Яғни, жәбірленуші тарапқа сот отырысына қарсы арыз беруге, дайындалуға ешқандай мүмкіндік берілмей отыр», – дейді Тәтішевтер отбасы.
Тәтішевтер әулетінің өкілі, адвокат Аманжол Мұхамедияров 2024 жылғы 11 қыркүйекте Ұлытау облыстық соты Тоқмәдидің дәл осы арызын орынсыз деп шешім шығарғанын атап өткен.
Ол жәбірленушілер сот отырысына уақтылы әрі сапалы дайындалуға мүмкіндік алуы үшін Алматы облысы Алатау қаласының сотына сот отырысын кейінге қалдыру туралы өтініш жолдағанын жеткізді.
10 жыл 6 айға сотталған Мұратхан Тоқмәди былтыр мерзімінен бұрын бостандыққа шағытыны туралы ақпарат тараған. Мұндай шешімді Қонаев қаласының соты шығарған. Жәбірленуші тарап – Тәтішевтің отбасы Қонаев қаласы сотының шешіміне шағымданып, Алматы облыстық соты сотталушының түзелгеніне күдік келтіріп, Қонаев соты шешімінің күшін жойған.
2025 жылғы 13 қаңтарда Мұратхан Тоқмәди мерзімінен бұрын босап шығуға қайта өтініш түсірген. Алайда 16 қаңтарға белгіленген отырыс Тоқмәди сотқа қатысудан бас тартып, жаза мерзімін қысқарту туралы өтінішті қараусыз қалдыруды сұрағанына байланысты өтпеді.
Мұратхан Тоқмәди – «ТұранӘлем Банкі» басшысы Ержан Тәтішевті өлтіргені үшін сотталған кәсіпкер. Оқиға 2004 жылы болғанымен, Тоқмәдиге айып 2018 жылы тағылып, сол жылы сотталған.