Қытайдың электромобиль өндірушілері қалайша Tesla-ны басып озды

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Қытайдың электромобиль өндірушілері қалайша Tesla-ны басып озды
Қытайдың электромобиль өндірушілері қалайша Tesla-ны басып озды/REUTERS/Siphiwe Sibeko

Қытайдың электромобиль өндірісіндегі алпауыттар, әсіресе BYD компаниясы қолжетімді смарт-көліктер жасау жарысында Tesla-ны басып озып, енді автономды көліктер нарығында алға суырылып шықты. Бұл – электромобиль технологиялары саласындағы жаһандық көшбасшылық үшін күресте маңызды бетбұрыс, деп жазады Reuters.

Жыл басында BYD Қытай нарығын дүр сілкіндіріп, өзінің жүргізушіге көмек көрсететін «Құдайдың көзі» («God’s Eye») технологиясын тегін ұсынған. Бұл жүйе Tesla-ның Қытайдағы 9 мың доллар тұратын Full Self-Driving (FSD) технологиясын үлкен тығырыққа тіреді.

«Құдайдың көзімен» Tesla-ның стратегиясы шайқала бастады, – дейді BYD инвесторы, америкалық Тейлор Оган.

Ол бұрын бірнеше Tesla тізгіндеп, BYD көліктерін де сынап көрген. Оның айтуынша, BYD-дың жүйесі Tesla-дан гөрі қабілеттірек.

Бүкіл индустриядағы өзгеріс

Қытайдың басқа да стартаптары мен техногиганттары Leapmotor, Xpeng сынды компаниялар қазіргі таңда 20 мың доллар шамасындағы көліктерге FSD деңгейіндегі жүйелерді орнатып жатыр. Бұл мүмкіндіктер Қытай үкіметінің белсенді қолдауымен жүзеге асуда.

Reuters жүргізілген зерттеу Tesla-ның жүргізушіге көмек көрсететін жабдықтарының өндірістік құны қытайлықтардан жоғары екенін көрсеттінін атап өтті. BYD лидар және радар сияқты қымбат сенсорларды қолданып жатса да, олардың бағасы Tesla-ның тек камера мен AI жүйесіне негізделген FSD жүйесімен шамалас болып шыққан.

Tesla-ға жаңа сын: Robotaxi-дің тағдыры

Қытайдағы бәсекелестіктің күшеюі Tesla иесі Илон Маскқа жаңа қысым туғызды. Әлем бойынша Tesla сатылымының төмендеуі жағдайында Маск назарын роботакси жобасына бұрып отыр. Осы айда Техас штатындағы Остин қаласында 10–20 көлікке сынақ басталады деп күтілуде. Бұл – Масктың он жылдық уәдесінен кейінгі алғашқы нақты қадамы.

Сонымен бірге, Қытай үкіметі Tesla-ның елде жинақталған көлік деректерін АҚШ-қа жіберуге тыйым салған. Tesla бұл шектеулерді айналып өту үшін шенеуніктермен келіссөз жүргізіп келеді, бірақ әзірге нәтижесіз.

Қытай неге алда келеді

Қытайлық көлік өндірушілер мемлекеттік субсидия, арзан сенсорлар мен жоғары технологияларға сұраныс сияқты артықшылықтардың арқасында технологияны тез әрі арзан дамытып отыр. Сарапшылар Қытайдағы ультрадыбыстық және радарлық сенсорлар Еуропа мен АҚШ-қа қарағанда 40%, ал лидар шамамен 20% арзанырақ екенін айтады.

Баға мен технология

Қытайлық автогиганттар мен стартаптар Tesla-ны баға мен технология жағынан да басып озуда. Қазір BYD көліктерінде «God’s Eye» жүйесі 30 000 долларлық базалық модельдерде де бар, ал Қытайдағы ең арзан Tesla FSD – Model 3 шамамен 41 500 доллар тұрады.

Бұған дейін, АҚШ электромобиль өндірісі жағынан Қытайға тәуелді болып қалуы мүмкін екенін жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз