Ақтауда Қытаймен бірлесіп салынған хаб іске қосылды

Каспий теңізі жағалауында ең ірі контейнерлік хаб іске қосылды. Жобаны «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның еншілес ұйымы – KTZ Express, Қытайдың Ляньюньган порты және «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ҰК» АҚ бірлесіп жүзеге асырған.
Құрылыстың бас мердігері – Қытайдың ірі мемлекеттік құрылыс консорциумы China Communications Construction Company (CCCC).
Алғашында нысан 2025 жылдың желтоқсанында пайдалануға беріледі деп жоспарланған еді, алайда құрылыс жарты жылға ерте аяқталған. Құрылыс жұмыстарына 43,4 млрд теңге көлемінде бюджеттен тыс қаражат жұмсалған.
«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов хабтың ашылу салтанатында бұл жобаны Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің нәтижесі деп атады:
«KTZ Express пен Ляньюньган портының серіктестігіне 10 жылдан асты. Осы уақытта Ляньюньганда қазақстандық-қытайлық терминал, Khorgos Gateway құрғақ порты салынды. Енді Ақтаудағы контейнерлік хаб – осы серіктестіктің қисынды жалғасы», – деді Жақыпов.
Ақтаудағы жаңа хаб Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ) маңызды буынына айналмақ. Ол Қытай мен Еуропа арасындағы «Шығыс – Батыс» бағыты, сондай-ақ «Солтүстік – Оңтүстік» және басқа да бағыттар үшін логистикалық өңдеу жылдамдығын арттырады.