
Қазақстанда инфляция тек 2027 жылға қарай баяулайды. Бұл туралы қаржыгер Ғалым Құсайынов мәлімдеді. Оның айтуынша, тарифтердің өсуі мен ҚҚС (Қосылған құн салығы) мөлшерлемесінің өзгерісі инфляциялық қысымды күшейтіп отыр.
Ұлттық банктің 5 пайыздық таргеті орындалмай қалуы мүмкін
ҚР Ұлттық банкі 2025 жылға арналған инфляциялық таргетті 5% деңгейінде белгілеген. Алайда мамыр айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 11,3%-ға жетті. Бұл жоспарланған көрсеткіштен екі есе жоғары.
«Кешенді жоспарсыз инфляцияны жеңу мүмкін емес. Мамырда жылдық инфляция 11%-дан асты. Ал өткен жылдың маусымындағы базалық көрсеткіштің төмен болғанын ескерсек (бар болғаны 0,4%), алдағы айларда инфляция 12%-дан да асып кетуі ықтимал», – дейді Құсайынов.
Тарифтер мен ҚҚС – инфляцияның қозғаушы күші
Сарапшы тұтынушылық бағаларға ең үлкен қысымды тарифтер мен ҚҚС мөлшерінің өсуі жасап отырғанын айтады. Бұл – баяу әсер ететін, бірақ ұзақмерзімді инфляциялық факторлар.
«Келесі жылы ҚҚС өсуінің толық әсерін көретін боламыз. Сондықтан, қазіргі тәсілмен жұмыс істей берсек, инфляция нақты тек 2027 жыл төмендейді», – дейді қаржыгер.
Инфляциялық спираль қаупі бар
Сарапшы инфляциялық спираль қаупіне де назар аударды. Бұл – бағаның өсуі жалақыны арттырып, нәтижесінде жалақының өсуі керісінше бағаның әрі қарай көтерілуіне әкелетін экономикалық құбылыс.
«Тек инфляциялық цикл спиральға айналмаса болды. Әйтпесе жағдай одан сайын ушығады», – деп ескертеді сарапшы.
Халықаралық валюта қоры да инфляция мен мұнайдың арзандауы Қазақстан экономикасына қауіп төндіріп тұрғанын айтқан.