Ипотека нарығы құлдырады: әрбір төртінші өтінім ғана мақұлдаған

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Ипотека нарығы құлдырады / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстандағы ипотекалық нарық өткен жылмен салыстырғанда баяулады. Қаржыгерлер қауымдастығы сарапшыларының айтуынша, негізгі себеп – мемлекеттік қолдау бағдарламаларындағы кідіріс пен жоғары пайыздық мөлшерлемелер.

Ипотекалық несие беру көлемі төмендеді

2024 жылы ипотекалық нарық 25%-ға өскен болса, 2025 жылдың алғашқы үш айында жаңа ипотекалық несиелердің көлемі 5,7%-ға төмендеп, 390 млрд теңгені құрады (2024 жылғы ұқсас кезеңде – 413 млрд теңге). Бұл – нарықтың бәсеңдегенінің айқын белгісі.

Нарықтың төмендеуіне «Отбасы банкінің» белсенділігінің азаюы елеулі әсер етті. Банк 225,2 млрд теңге несие берген. Бұл былтырғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 10,4%-ға аз. Мемлекеттік сыйақыны кешіктіріп төлеуге байланысты – тұрғын үй жинақтары бар салымшылар өтінімдерді тоқсан соңында ғана бере бастады.

Сол уақытта екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) нарықтағы үлесі артты. Банктердің нарықтағы ипотека өнімдерінің үлесі 2024 жылғы 31%-дан 2025 жылы 36%-ға дейін өсті – бұл соңғы 8 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

Дегенмен сарапшылар бұл үрдіс уақытша деп бағалайды. Себебі «Отбасы банкі» мемлекеттік сыйақы берілгеннен кейін, несие беруді қалпына келтірмек, ал жоғары базалық мөлшерлеме (16,5%) коммерциялық ипотекалық өнімдерге сұранысты тежеуді жалғастырады.

Әрбір төртінші өтінім ғана мақұлданған

2025 жылдың басында ипотека бойынша мақұлданатын өтінімдердің үлесі 31%-дан 24%-ға дейін төмендеді. Бұл көрсеткіш жеке тұлғаларға берілетін несиелердің жалпы мақұлдау деңгейінен төмен.

Негізгі себеп — нарықтық ипотекалардың үлесі артып, қатаң талаптар қойыла бастады. Ал мемлекеттік бағдарламаларға өтініштер сыйақының кешіктірілуіне байланысты қысқарды.

Несие портфелі және тәуекел деңгейі

2025 жылдың 1-тоқсанында ипотекалық портфель көлемін арттырған көшбасшы банктер – Халық банкі (+6,2%) мен Банк ЦентрКредит (+2%) болды. «Отбасы банкінің» портфелі, керісінше, 0,5%-ға қысқарды.

Ипотекалық несиелердің сапасы жоғары: жалпы нарық бойынша мерзімі өткен несиелер үлесі тек 0,4%-ды құрайды. Бұл – 20-50% көлеміндегі бастапқы жарна мен қарыз алушыларды мұқият іріктеудің нәтижесі. Дегенмен «Отбасы банкіне» қатысты жағдай сәл қиындап, мерзімі өткен несиелер 1,7%-дан 2,3%-ға өсті. Бұл — проблемалық берешекті коллекторларға сатуға тыйым салумен байланысты.

Қазақстанда ипотеканың шекті пайыздық мөлшерлемесі 25%-дан 20%-ға дейін төмендеді. 

Сондай-ақ оқыңыз