«Самұрық-Қазынаның» дивидендтеріне қойылатын талап жеңілдеді

Жарияланды 10 Маусым 2025 16:52

Жанболат Мамышев

Жанболат Мамышев

Business News бөлімінің аға тілшісі zh.mamyshev@kursiv.kz
Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business News бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Правительство исключило минимальную сумму дивидендов от «Самрук-Казыны»
«Самұрық-Қазына» дивидендіне қандай талап қойылады / Асқар Ахметуллин, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов қол қойған қаулыға сәйкес, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры енді үкіметке жыл сайын кемінде 25 миллиард теңге көлемінде дивиденд төлеуге міндетті емес. Құжатта бірқатар өзгерістер енгізіліп, бұған дейін күшінде болған 9 және 11-тармақтар алынып тасталды.

Атап айтқанда, бұрынғы 9-тармақта есепті жылдың қорытындысы бойынша жалғыз акционерге төленуге тиіс дивидендтің ең төменгі мөлшері ретінде 25 млрд теңге көрсетілген болатын. Енді бұл талап жойылып отыр. Сонымен қатар, 11-тармақ та күшін жойды. Ол тармақта «Самұрық-Қазынаның» жүйеқұрушы компанияларының тізімін Қордың директорлар кеңесі анықтайтыны және есепті кезеңде Қор жобаларын қаржыландыру көлемін ескере отырып, еншілес ұйымдардан алынған дивидендтердің кемінде 50 пайызы мемлекетке төленуге тиіс екені көрсетілген еді.

Жаңа қаулыда сондай-ақ дивиденд сомасын есептеу кезінде Қор құрамындағы компаниялар активтерін бәсекелі ортаға өткізу нәтижесінде алынған және Ұлттық қорға бағытталған дивидендтер есепке алынбайтыны жазылған. Бұл өзгерістер 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап туындайтын құқықтық қатынастарға қолданылады.

2024 жылдың қорытындысы бойынша «Самұрық-Қазына» қорының таза пайдасы 1,795 трлн теңгені құрағаны хабарланды. Бұл дерек 2025 жылдың наурыз айында Қор басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың баяндамасына тіркелген слайдтарда жария етілген. Қор 2025 жылы 1,438 трлн теңге көлемінде таза пайда алуды жоспарлап отыр. Салыстырмалы түрде, 2023 жылғы таза пайда 1,698 трлн теңгені құраған.

Қордың кірістері де соңғы жылдары өзгеріп келеді. 2023 жылы кіріс көлемі 15,495 трлн теңге болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 17,171 трлн теңгеге дейін артқан. Ал 2025 жылға болжам бойынша қор кірісі 16,814 трлн теңге деңгейінде қалыптасуы ықтимал. Сонымен қатар, қордың борыш міндеттемелері де артып келеді: 2023 жылы 7,872 трлн теңге, 2024 жылы 9,039 трлн теңге, ал 2025 жылы 10,289 трлн теңге көлеміне жетуі мүмкін. Қаржы көрсеткіштердің мұндай өзгеруі Brent маркалы мұнайдың бағасына байланысты. 2024 жылы барреліне 81 доллар болған бұл көрсеткіш 2025 жылы 75 долларға дейін төмендейді деп болжанған.

Дивиденд саясатына келсек, 2024 жылы «Самұрық-Қазына» қоры үкіметке 2023 жылғы пайда есебінен 158 млрд теңге дивиденд төледі. Бұған қоса, маусым айында қор 2022 жылғы бөлінбеген табыстан 63,5 млрд теңге, сәуір айында 100 млрд теңге, ал 2023 жылдың соңында 238 млрд теңге көлемінде дивиденд төледі.

2024 жылғы 20 қарашада «Самұрық-Қазына» қоры мемлекетке жалпы сомасы 1,3 трлн теңге көлемінде қаржы аударғанын хабарлады. Бұл соманың ішінде 579 млрд теңге республикалық бюджетке төленген дивидендтерді құраған. Мұндағы сомаға тек қана Қордың емес, оған қарасты еншілес ұйымдардың да дивидендтері кіреді. Қор сол жылы қосымша дивиденд төлемейтінін де мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз