АҚШ электромобиль өндірісінде Қытайға тәуелді болып қала ма

Жарияланды
АҚШ электромобиль өндірісі бойынша Қытайға тәуелді болып қалмай ма?/ shutterstock, бильд-редактор: Аружан Махсотова

АҚШ болашақтағы «жасыл» экономиканың негізгі элементі саналатын электромобиль өндірісі жағынан Қытайға бұрын-соңды болмаған деңгейде тәуелді болып қалу қаупімен бетпе-бет келіп отыр. Бұған себеп сирек кездесетін металдар. Ал аталған металдар болмаса, электрқозғалтқыш жасау мүмкін емес. Бұл тапшылық нарық заңдылықтарына емес, геосаяси текетіреске байланысты туындап отыр.

Даудың басы…

The Wall Street Journal мәліметінше, АҚШ-тың бірнеше ірі автоконцерні өндірістің бір бөлігін Қытайға көшіру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бір қарағанда, бұл сауда соғысы жағдайында (қытайлық тауарларға салынған баж салығы 145%-ға жеткен кезде) абсурд болып көрінеді. Бірақ мұның өз қисыны бар: Қытайда сирек жер металдары қолданылған дайын өнімдерді экспорттауға әлі де рұқсат бар, ал металдың өзі мен оның қорытпаларын шетелге шығаруға тыйым салынған.

Қарапайым тілмен айтқанда, электромобильдер қозғалтқышына қажетті магниттер – электрокардың «жүрегі». Ал олар АҚШ-қа енді жеткізілмейді. Бірақ америкалық компанияларға бұл қозғалтқыштарды Қытайда жасап, кейін елге тасымалдауға ешкім кедергі келтірмейді.

Сирек жер металдары неге маңызды?

Сирек жер металдары әлемдік экономиканың жетекші салаларында қолданылатын шикізаттың маңызды түрі саналады. Ол Менделеев кестесіндегі 17 элементтен тұратын топ. Олар қазіргі заманғы электроника, қорғаныс өнеркәсібі, аккумуляторлар және, әрине, электромобильдер үшін аса маңызды. Осы металдардың қорытпасынан жасалған магниттер жоғары температураға төзімді, айналу жиілігі жоғары жағдайларда да тұрақты жұмыс істейді. Мұндай магниттер электромобильдердің жылдам үдеуі мен сенімді жұмысын қамтамасыз етеді.

Сирек жер металдарының жаһандық жеткізілімінің 90%-ы Қытайға тиесілі. Бұл кездейсоқ емес: Қытай ондаған жылдар бойы бұл салаға – кен өндіру, өңдеу, жеткізу тізбектеріне ауқымды инвестиция салды. Балама көздер АҚШ, Аустралия және Африкада бар, бірақ олардың үлесі аз, ал толыққанды өңдеу инфрақұрылымын құруға жылдар мен миллиардтаған доллар қажет.

Сауда соғысы – дағдарыстың қозғаушы күшіне қайлады

Қытайдың сирек жер металдары  мен олардан жасалатын өнімдерді экспорттауға шектеу қоюы – Дональд Трамп әкімшілігінің әрекетіне жауап болды. Сәуірде АҚШ Қытайдан келетін импортқа ауқымды тарифтер енгізді. Ал кейбір тауарларға жалпы баж салығы 145%-ға жетті. Жауап ретінде Қытай америкалық тауарларға 125% көлемінде қарсы баждар енгізді.

Бұл жағдай нарыққа жылдам әсер етті. Инсайдерлердің айтуынша, АҚШ автогиганттарының сирек жер металдары  қоры бар болғаны бірнеше аптаға ғана жетеді. Одан кейін электроқозғалтқыштар өндірісі тоқтауы мүмкін. Мұндай жағдайда өндірісті Қытайға көшіру – стратегиялық жеңіліс емес, аман қалудың амалындай көрінеді.

Парадокс: АҚШ «жасыл» автоөндірістен өзі бас тартты

Қызығы, Қытаймен шиеленіске дейін-ақ АҚШ электромобиль өндірісін қолдаудан іс жүзінде бас тартқан. Қаңтарда Дональд Трамп электромобиль сатылымын субсидиялауды тоқтату, зарядтау инфрақұрылымын қаржыландыруды доғару және нарықтағы электрокар үлесін 50%-ға жеткізу мақсатынан бас тарту туралы шешімге қол қойды.

Бұл саясат жаһандық үрдістерге мүлдем қайшы. ЕО, Қытай және тіпті дамушы елдер үкіметтері электр көліктеріне көшуге қаржы құюды жалғастыруда. АҚШ болса, тек технологиялық емес, сонымен қатар жеткізу тізбектеріндегі бәсекеде де артта қалу қаупіне тап болды. Әсіресе Қытайға тәуелділік қаупі жағынан.

АҚШ-та сату үшін Қытайда өндіру тиімді ме?

Бір қызығы АҚШ-та электрокөліктер өндірісін тоқтатпаудың жалғыз жол – оны Қытайға ауыстыру. Бұл қадам көптеген даулы мәселелерді тудырады: ұлттық қауіпсіздіктен бастап, экономикалық шығындар мен логистикаға дейін. Бірақ нақты шаралар қабылданбаса, жаздың ортасына қарай АҚШ-тың ірі электромобиль өндірушілері қозғалтқышсыз қалуы мүмкін.

Болжамдар турасында

Бұл ретте жағдай қалай өрбиді. Мұның бірнеше сценарийі бар:

Бірінші, АҚШ өз аумағында сирек жер металдары өндіру мен өңдеуге шұғыл инвестиция салады. Бұл мүмкін, бірақ көп уақытты қажет етеді. Мысалы, Невада штатындағы жоба енді ғана іске қосылуда және жақын арада Қытаймен бәсекелесе алмайды.

Екінші, Қытаймен келісімге келу. Егер келіссөздер сәтті болса, мұндай металдар экспорты ішінара қалпына келуі мүмкін. Бірақ бұл үшін Вашингтонға айтарлықтай саяси ымыралар жасау қажет, ал бұл сайлау алдындағы кезеңде қиын.

Үшінші, жеткізу көздерін әртараптандыру. АҚШ сирек металдарды Африка, Үндістан немесе Австралиядан алуға тырысуы мүмкін. Бірақ бұл аймақтарда да Қытай ықпалы күшті.

Төртінші, өндірісті Қытайға көшіруді жалғастыру. Бұл қысқамерзімді тұрақтандырудың ең ықтимал жолы. Америкалықтар қозғалтқыштарды Қытайда құрастырып, кейін оларды немесе дайын көліктерді АҚШ-қа жеткізетін болады.

Айта кететіні, сирек жер металдарына қатысты жағдай –сауда соғысының кезекті эпизоды ғана емес, стратегиялық салалардағы Батыстың Шығысқа тәуелділігінің көрінісі. «Таза болашақтың» символы саналатын электрокарлар лас геосаясаттың құрбанына айналуы мүмкін. Ал бұл саланы жүйелі түрде қолдаудан бас тартқан АҚШ өзін тығырыққа тіреп жатқандай әсер қалдырады.

Сондай-ақ оқыңыз