Мемлекет қазынасын қай өңірлер толтырып жатыр

Жарияланды
2025 жылға арналған салықтық түсімдер мен өңірлік бюджеттер қандай /Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

2025 жылға арналған салықтық түсімдер мен өңірлік бюджеттерді салыстырсақ, Қазақстанда аймақтар арасындағы қаржылық теңсіздік пен фискалдық орталықтану айқын байқалады. Кім көбірек табыс әкеліп жатыр, кім көбірек жұмсап отыр? Жан басына шаққандағы бюджет қандай? Осы сұрақтарға жауап беріп көрейік.

Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуында өңірлердің республикалық бюджетке қосар үлесі аса маңызды. Өңірлерден түсетін салықтар мен өзге де міндетті төлемдер мемлекет қазынасының негізгі кіріс көздерінің бірін құрайды. Алайда бұл түсімдердің көлемі мен аймақтарға қайта бөлінетін бюджет мөлшерлері арасында елеулі айырмашылықтар бар. Бұл жағдай еліміздегі фискалдық теңгерім мен өңірлік даму саясатының ерекшеліктерін көрсетеді.

Инфографика 01: Салық түсімдері: өңірлердің үлесі қандай?

Алматы: елдің әмияны

2025 жылдың алғашқы 4 айында Алматы қаласы республикалық бюджетке 1,07 трлн теңге көлемінде түсім аударған. Бұл жалпы республикалық түсімнің үштен бір бөлігіне жуығын құрайды. Мұндай көрсеткіш қаланың жоғары экономикалық белсенділігімен, шағын және орта бизнестің қарқынды дамуымен, сондай-ақ қаржы және қызмет көрсету салаларының шоғырлануымен байланысты.

Алматы – республикалық маңызы бар ірі мегаполис, сондықтан оның қаржылық әлеуеті басқа өңірлермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Бұл өңірдің экономикалық қуаты Қазақстанның бүкіл бюджет жүйесіне елеулі әсер етеді.

Атырау облысы – табиғи ресурстардан түскен кірістің көшбасшысы

Атырау облысы республикалық бюджетке 343 млрд теңге көлемінде кіріс түсіріп, Алматы мен Астана қалаларынан кейінгі үшінші орында тұр. Облыс экономикасы негізінен мұнай-газ өнеркәсібіне тәуелді. Қара алтыннан түсетін түсімдер еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен қаржылық тұрақтылығына айтарлықтай үлес қосып отыр.

Алайда өңірдің өзіне бөлінетін бюджет көлемі (шамамен 720 млрд теңге) республикалық бюджетке қосқан үлесімен салыстырғанда едәуір аз. Бұл жағдай фискалдық қайта бөлу саясаты аясында республиканың басқа, әлеуметтік жағынан осал өңірлеріне қолдау көрсету қажеттілігімен түсіндіріледі.

Инфографика 02: 2025 жылға өңірлердің бюджеті

Түркістан облысы – дотациялық саясаттың көрінісі

Түркістан облысы республикалық бюджетке 141 млрд теңге ғана кіріс түсіргенімен, өңірге республикалық бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі 1,3 трлн теңгеге жуық. Бұл – еліміздегі ең жоғары дотациялық көрсеткіштердің бірі. Түркістан облысы – халық саны жағынан ең тығыз орналасқан аймақтардың бірі және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға айрықша мұқтаждық бар өңір.

Мұндай қаржылық қолдау республиканың ішкі әлеуметтік-экономикалық тепе-теңдігін сақтау, инфрақұрылымды дамыту және өңірдегі өмір сапасын арттыру мақсатында жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде өңірдің болашақта экономикалық тұрғыдан дербестікке жетуіне ықпал етеді.

Инфографика 03: Теңсіздік: жан басына шаққандағы бюджет

Жан басына шаққандағы бюджет: өңірлер арасындағы айырмашылықтар

Жан басына шаққанда ең жоғары бюджет көлемі Атырау облысында тіркелген – шамамен 1 миллион теңге. Бұл көрсеткіш Ақтөбе облысындағы сәйкес көрсеткіштен екі есе жоғары (462 мың теңге). Мұндай айырмашылықтар өңірлердегі халық саны, экономикалық әлеует, жергілікті бюджет кірістері мен мемлекеттік қолдау көлеміне байланысты қалыптасып отыр.

Қазақстандағы өңірлік бюджет саясаты фискалдық орталықтандыру мен теңестіру қағидаттарына негізделген. Қаржысы мол өңірлер республикалық бюджетке елеулі үлес қосып, өз кезегінде басқа, әлеуеті төмен аймақтарға қаржылық қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл саясат ел ішіндегі әлеуметтік және экономикалық теңгерімді сақтауға бағытталған.

Алдағы уақытта өңірлік қаржы дербестігін арттыру, бюджеттік жоспарлаудың тиімділігін күшейту және жергілікті ресурстарды ұтымды пайдалану арқылы өңірлер арасындағы айырмашылықтарды азайту – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болып қала бермек.

Неліктен фискалдық реформа қажет?

  1. Мемлекеттік қаржының тұрақсыздығы
    – Бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 3%-ына жақындап қалды.
    – Ұлттық қордан трансферттерге тәуелділік жоғары.
  2. Өңірлердің қаржылық дербестігі төмен
    – Көптеген аймақ дотацияға тәуелді.
    – Өз кірісін арттыруға ынталандыру жеткіліксіз.
  3. Салық жүйесінің тиімділігі төмен
    – Көлеңкелі экономика үлесі әлі де жоғары.
    – Прогрессивті салық салу тетіктері жоқтың қасы.
  4. Бюджет шығындарының тиімділігі нашар
    – Кейбір бағдарламалардың нәтижелілігі төмен.
    – Бюджетте «нөлден жоспарлау» әдісі қолданылмайды.
  5. Ұлттық қордың рөлі әлсіреп барады
    – Қор жинақтаушы емес, тұтынушылық функция атқаруда.
    – Келешек ұрпақ үшін қаражат азаю қаупі бар.

Қазақстанда фискалдық саясатты жаңғырту – уақыт талабы. Қазіргі жүйе бірқатар маңызды мәселелерді шешуге қауқарсыз болып отыр: бюджет тапшылығы өсіп, өңірлер орталыққа тәуелді күйде қалуда, ал Ұлттық қор қаражаты көбіне қысқа мерзімді мақсаттарға жұмсалып келеді. Осыған байланысты фискалдық саясатқа реформа қажет.

Сондай-ақ оқыңыз