Әскердегі қауіпсіздікті ЖИ бақылайды – Асылов

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
әскердегі қауіпсіздік
Әскердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ЖИ технологиялары енгізіледі / Фото: коллаж kursiv.media архив

Әскердегі қауіпсіздікті күшейту үшін сарбаздар бейнежетондармен жарақтандырылады. Сонымен бірге қауіпсіздікті күшейту үшін жасанды интеллект технологиялары енгізілмекші. Бұл туралы өзінің Х әлеуметтік желісінде Бас прокурор Берік Асылов жазды.

«Әскердегі тәртіп – адамға құрметтен басталады. Әскери қызмет қауіпсіздік, абырой, тәртіп пен әділет қағидаттарына негізделуі қажет», – дейді Асылов.

Айтуынша, әскердегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін президент «Әскердегі заң және тәртіп», «Цифрлық профилактика» атты екі жобаны жүзеге асыруды тапсырған. Бұл тапсырманы орындау мақсатында бірінші кезекте әскери бөлімдер заманауи IT-жүйелермен қамтамасыз етіліп, бейнебақылау орнатылады.

Сондай-ақ бөлімдерде жасанды интеллект технологиялары енгізіліп, сарбаздардың жағдайы мен әскери құрамның жағдайына автоматты түрде талдау жүргізіп отырады. Осылайша әскердегі қаупсіздік деңгейін арттыру көзделген.

«Командирлерді және қарауылдағы және жауынгерлік кезекшіліктегі мерзімді қызметтегі сарбаздарды бейнежетондармен жарақтандыру жоспарлануда. Бұл қызметті өткеру барысында нақты әрі үздіксіз бақылау жүргізуге мүмкіндік береді», – дейді Бас прокурор.

Айтуынша, қазіргі таңда armia.kz сайтында цифрлық кеңесші іске қосылған. Цифрлық көмекші мен бірге жаңа байланыс арналары енгізіліп жатыр. Солардың көмегімен сарбаздар қайда жүгіну керек екенін біліп отырады.

«Сондай-ақ, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында әскери шақыру және медициналық комиссия отырыстарын аудио-бейне тіркеу, хаттамаларды цифрландыру және оларды шақырылушылардың өздеріне қашықтан қолжетімді ету мәселелері пысықталуда. Бұл — медициналық қарсы көрсетілімдері бар азаматтарды мерзімді қызметке шақырудың алдын алады», – дейді Асылов.

Мұндай шаралар әскери қызмет атқару кезінде сарбаздардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін айтады.

Сондай-ақ оқыңыз