Қостанай әкімі мұғалімдерді су айдындарына рейдке шығара ала ма – министрлік жауабы

Біраз уақыт бұрын Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев мұғалімдерді рейдке шығару жөнінде ұсыныс айтты. Әкім балалардың қаупсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұстаздарды рұқсат етілмеген су айдындарын күзетуге шығару жөнінде тапсырма берген. Үкімет сағатынан кейін өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі Ерболат Әбілхатин мұндай бастамалар үшін Білім басқармалары мен мектеп директорлары заң алдында жауап беретінін айтты.
Заңға қайшы әкім идеясы
Желіге тараған видеода қала әкімі нақты тапсырма беріп, білім бөлімімен бірге рейд жүргізуді тапсырғаны, полицейлер мен құтқарушылар жеткіліксіз екені, сол үшін мұғалімдер жұмысқа тартылғаны айтылды. Жүндібаев мұғалімдердің мектептегі жөндеу жұмыстарына да тартылатынын жасырмады.
Сонымен бірге әкім педагогтердің 40 күннен аса демалатынын, сол себепті олардың тікелей жұмысына қатысы жоқ, осындай рейдке шығуын орынды деп санайтынын да ашық жеткізген еді.
«Меніңше, мұнда тұрған ештеңе жоқ, артынан айтылатын сын орынсыз болады. Бір ғана баланың өмірі үшін барлығын аяғынан тік тұрғызуға болады деп ойлаймын», – деді ол.
Министрлік жауабы
Ерболат Әбілхатин Қостанайдағы мұғалімдердің жағдайы министрлік бақылауында екенін айтты.
«Бұл жағдай біздің бақылауымызда. Облыстық Еңбек инспекциясына арнайы тапсырма берілді. Егер мұғалімдердің жағалауларға жұмыстарға тартылғаны белгілі болса немесе осы жағдай бойынша ұстаздардан шағым түссе, заң бойынша тиісті шаралар мен арнайы нұсқаулар берілетін болады», – деді Әбілхатин.
Брифингте ұстаздарды жұмысқа тартуды ойлаған Қостанай әкіміне министрлік тарапынан қандай шаралар қолданылатынын сұрады. Министрлік өкілі мұғалімдерді ұстаздықтан тыс жұмыстарға тарту жөнінде әкім тапсырма берген болса, оған да құзырлы органнан тиісті нұсқаулар жолданатынын мәлімдеді.
«Мұғалімдерді басқа жұмыстарға тартуға қарсымыз. Бұл орайда арнайы заң нормалары бар. Жазғы каникул мезгілінің басталуына байланысты Еңбек инспекциясы Білім басқармасымен, мектеп директорларымен арнайы жұмыс жүргізіп, мұғалімдерді қызметінен тыс жұмыстарға тартпау жөнінде әңгіме жүріп жатыр. Мұғалымдерді мектепті сырлауға, жөндеу жұмыстарына тартуға тыйым салынады. Егер мұндай жағдай анықталса, заңға сәйкес Білім басқармасының басшылары мен мектеп директорлары тиісті жауапқа тартылады», – деді министрлік өкілі.