Туристерге тегін sim-карта беріліп, түнгі экспресс-маршруттар іске қосылады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
түнгі экспресс-маршруттар
Елде туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түнгі экспресс-маршруттар іске қосылады / Фото: Үкімет

Қазақстанда туристердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында түнгі экспресс-маршруттар іске қосылмақшы. Бұл туралы Үкімет сағатында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов айтты.

Түнгі маршрут

Министрлік Қазақстанның ірі қалаларында туристердің жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында бірқатар шараларды жүзеге асырмақшы. Соның бірі – түнгі экспресс-маршруттар.

«Түнгі уақытта қала орталығына автобус қатынасы жоқ. Бұл мәселені шешу үшін түнгі экспресс-маршруттарды іске қосу ұсынылады», – деді министр.

Осылайша министрлік үлкен қалалардағы заңсыз такси қызметіне тосқауыл қоймақшы.

Тегін sim-карта

Бұдан бөлек министр елге келген барлық шетелдік туристке тегін sim-карта беру жөніндегі ұсынысын жеткізді.

«Халықаралық әуежайларда QR-код жүйесі енгізілді. Онда сенімді такси, қонақүйлер, электронды сим-карталар мен туристік нысандар туралы ақпарат көрсетіледі. Әкімдіктер бұл жұмысты тұрақты түрде қадағалап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыруы керек», – деді Мырзабосынов.

Елге келетін турстер көп пе?

Мырзабосынов 2024 жылы елге 15 млн шетелдік турист келгенін айтты. Осы орайда айта кетсек, Қазақстан туристер үшін ең арзан ел саналады. Budget Your Trip, Kayak.com, Booking.com және HelloSafe туристік платформаларының рейтингінде Қазақстан саяхаттауға ыңғайлы ең арзан үш елдің қатарына кірген. Платформалар есебінше, елге келген туристің бір күндік шығыны 19 долларды құраған.

Қазақстанға негізінен Қытайдан келетін туристер саны басым екен. Соңғы бес жыл ішінде бұл елден келетін азаматтар саны 9 есе артқан.

Туристік инфрақұрылым мәселесі

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумы жанындағы Туризм индустриясы комитетінің төрайымы Юлия Якупбаева Қазақстанға келетін туристер саны бойынша ешқандай проблема жоқ екенін, туристер саны жыл сайын артып жатқанын айтады. Бірақ бұл салада шешілмеген бір нәрсе бар, ол Қазақстандағы туристік инфрақұрылымның дамымағаны. Атап айтқанда, жолдар нашар, туристерге жағдай жасалмайды және қонақүй тапшылығы бар.

Сондай-ақ оқыңыз