Volkswagen Golf R, Tiguan және ID.4 үлгілері жаңартылады

Volkswagen Golf R, Tiguan және ID.4 үлгілері жаңартылатын болды. Компания 2026 жылы 9 түрлі жаңартуды жария етті.
Қазіргі үлгі қатарындағы көліктердің барлығы да өзгереді. Біршама жетілдіріліп, жабдықталу деңгейі арттырылмақ. Соның ішінде Қазақстанда танымал Tiguan, электромобиль ID.4 және Golf үлгілері де бар. Бұл туралы америкалық Carcoops басылымы хабарлады.
Volkswagen Atlas және Atlas Sport Coupe 2026
2026 жылғы Volkswagen Atlas және Atlas Sport Coupe үлгілері бір ғана елеулі өзгеріске ие болмақ. Көліктерге HomeLink функциясы бар айна орнатылады. Бұл – гараж қақпаларын, қауіпсіздік жүйелерін және жарықтандыруды қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін сымсыз жүйе.
Volkswagen Taos 2026
Volkswagen Taos 2026 көлігіне де біраз өзгеріс енгізілген. Шағын кроссовер енді артқы орындықтарға арналған тартқыштармен жабдықталмақ. Бұл артқы жағында отырған жолаушылардың қауіпсіздігін күшейтеді. Сондай-ақ смартфондарға арналған сымсыз қуаттағыштың қуаты 15 Вт-қа дейін артады. SEL деп аталатын ең жоғарғы жинақтамада 8 динамикасы бар премиум аудиожүйе ұсынылады. Автокөлік ішіндегі акустика да айтарлықтай жақсартылады.
Volkswagen Tiguan 2026
2025 жылғы модельдік жылда толықтай жаңартылған Volkswagen Tiguan енді 2026 жылы кішігірім өзгерістермен шектелмек. Ең басты жаңалығы, Travel Assist жүйесінің Assist Lane Change функциясымен толығады. Бұл автожолда жүруді ыңғайлы әрі қауіпсіз етуі тиіс.
2025 жылы Tiguan желісі Tiguan SEL R-Line Turbo жаңа нұсқасымен толықты. Бұл үлгі сәуір айында Нью-Йорк автосалонында таныстырылған еді. Оның сатылымы күзде басталады деп жоспарланып отыр. Көлік 20 дюймдік доңғалақ дискілері, Varenna былғары орындықтарымен және жаңғақ ағашынан жасалған әрлеуімен ерекшеленбек.
Салонында 10,25 дюймдік цифрлық аспап панелі, 15 дюймдік мультимедиялық жүйе және үш аймақты климат-бақылау болады. Өзге ерекшеліктері қатарында 12 динамикасы бар Harman Kardon аудиожүйесі, рөлді жылыту, алдыңғы орындықтарды жылыту мен желдету, сондай-ақ артқы орындықтарды жылыту қызметі де бар.
Tiguan SEL R-Line Turbo қозғалтқышының астында 2.0 литрлік турбоқозғалтқыш орналасқан. Оның қуаты – 268 а.к. (200 кВт). Ал айналу жиілігі – 349 Нм. Бұл қозғалтқыш 8 сатылы автоматты қорабымен және толық жетекті жүйемен жұмыс істейді. Volkswagen кроссовер сегментіндегі өнімділік пен жайлылыққа ерекше ден қойған.
Volkswagen ID.4 2026
Электромобильдер сегментіндегі Volkswagen ID.4 2026 S Plus жинақтамасында HomeLink айнасын алады. Түбегейлі өзгеріс деп айтуға келмесе де, Volkswagen жылдың ортасында тағы да жаңарту болатынын және көлік қосымша функциялармен жабдықталатынын ескертті.
Volkswagen ID.Buzz 2026
ID.Buzz үлгісі 2025 жылы алғаш рет ұсынылды. Сондықтан 2026 жылы көп өзгеріс күтпеген жөн деп топшылауға болады. Десе де, қосымша мәліметтер кейінірек жарияланады.
Volkswagen Golf R 2026
Golf R моделі енді Black Edition нұсқасында сатылмайды. Бірақ жаңа Graphite Gray Metallic түсі қолжетімді болмақ.
Volkswagen Jetta және Jetta GLI 2026
2026 жылғы Jetta және Jetta GLI седандарының артқы орындықтары стандартты түрде жабдықталады. Алдын ала тартқыштары бар. SE жинақтамасында төбе люгі пайда болады. Ал SEL және Autobahn нұсқаларында 8 динамикасы бар премиум аудиожүйе орнатылады. Autobahn нұсқасында рөлде жаңаша басқару түймелері болады.
Қазақстандағы жағдай
Volkswagen-нің Қазақстандағы ресми дилері қазіргі таңда елде сатылымда ешқандай үлгі жоқ екенін айтты. Бұған дейін тек Touareg сатылған. Бұл үлгі 2025 жылдың маусым айының соңында қайта сатылымға шығарылуы мүмкін. Ал басқа жаңа көліктердің келетіні жайында компания нақты жауап бермеді.
Мұның алдында Volkswagen шығындарды азайту үшін Германиядағы зауыттарды жабуы мүмкін екенін жазған едік.