АҚШ-тағы наразылықтар: Нью-Йорк пен Техасқа да жетті

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: The AP

АҚШ-та Трамптың миграциялық саясатына қарсы басталған шерулер аясы кеңейді. Лос-Анжелестегі наразалықтармен қатар, Нью-Йорк, Остин, Сан-Франциско және Солт-Лейк-Сити тәрізді қалаларда акциялар өтті.

Сан-Францискода шерушілер Миграциялық және кеден полициясы кеңсесінің алдына жиналған. 60 адам тұтқындалып, екі полиция қызметкері жарақаттанды.

Техаста да жүздеген адам наразылық акцияларын ұйымдастырды. Олар Остин орталығына «Бірде-бір адам заңсыз емес» деген плакаттар ұстап шықты. Кемінде екі адам тұтқындалды деген ақпар бар.

Қарсылықтың басты ошағы болған Лос-Анжелес те әлі де жағдай қиын. Қала орталығында машиналар өртелді. ФБР полиция қызметкеріне шабуыл жасап, қызметтік көлікті бұзды деген күдікпен 40 жастағы Элпидио Рейнді іздестіріп жатыр. Оның қайда екенін айтқан адамға 50 мың доллар сыйақы беруге дайын.

Еске салайық, Дональд Трамп осы айдың басында 12 елдің азаматтарына елге кіруге тыйым салатын жарлыққа қол қойды. Осыдан кейін ICE (АҚШ иммиграциялық және кедендік бақылау қызметі) агенттері 6 маусымда заңсыз мигранттарға қарсы рейд жүргізіп, соңы наразылық акциясына ұласты.

Трамп бұйрығымен Калифорния штатына ұлттық гвардия әскері кіргізілді. Оған штат губернаторы Гэвин Ньюсом қарсы болып, президентті «штаттың егемендігін бұзды» деп айыптады.

Трамптың шешімімен тағы  500-ге жуық сарбаз Твентинайн-Палмс базасында дайын тұр. Ол тіпті Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсомды тұтқындауға дейін баратынын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз