Төменгі сынып оқушысына буллинг жасаған жасөспірімнің анасына айыппұл салды

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: ашық дереккөзден

Жамбыл облысы Меркі ауданында өзінен жасы кіші оқушыға қысым жасаған жасөспірімнің анасына айыппұл салынды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметінен хабарлайды.

Ресми дерекке сүйенсек, орта мектепте оқитын 9-сынып оқушысы төменгі сыныпта оқитын балаға ұдайы қысым жасап келген. Оны түрлі жұмыс істеуге мәжбүрлеген.

Жасөспірім де, оның анасы да болған жағдайды мойындап, алда мұндай оқиғаға жол бермейтініне уәде берді. Кейіннен екі бала өзара тіл табысқан.

Бірақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырып, жеткіншектің анасына 27 мың теңге көлемінде айыппұл салды.

Буллинг, құрбы-құрдастары тарапынан қысымға ұшырау – жасөспірімдер арасындағы үлкен мәселенің бірі. Бұған дейін блогердің видеосына түсіп, сыныптастарының мазағына қалып, үйірмеге барудан қалған мектеп оқушысы туралы жазған едік. Оның анасы блогерді сотқа беріп, моральдық өтемақы беруін талап етті.

Буллингке ұшыраған балалар үшін елде арнайы орталықтар да ашылған. Олар 24/7 жұмыс істейді. Немесе 1414 нөміріне хабарласып, психологиялық көмек ала алады.

 

Сондай-ақ оқыңыз