
BTS тобының мегажұлдыздары RM мен V сейсенбі күні Оңтүстік Корея армиясындағы борышын абыроймен атқарып шықты. Топтың қалған әншілері ай соңында армиядан оралады.
K-pop жұлдыздарын әскери база алдында ондаған жанкүйер күтіп алды. Армиядан жаңа ғана босап шыққан екеу топқа қайта оралуға серт берді. BTS жанкүйерлерін ARMY деп атайды. Фан-клубтың миллиондаған мүшесі бар деп жазды Reuters.
«Бізді армиядан күткен барлық army’ліктерге алғысым шексіз. Сәл шыдаңыздар. Біз жаңа леппен қайта ораламыз», — деді V журналистер мен жанкүйерлері алдында.

Ал RM болса жанкүйерлері алдында саксафонмен өнер көрсетіп, топқа тезірек қосылатын күнді асыға күтетінін айтты.
«Мен көп тер төгіп, жаңа альбом шығарып, тезірек сахнаға оралғым келеді», — деді RM.
Әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлер Оңтүстік Кореяға ағылып жатыр. Олардың қуанышында шек жоқ. Фан-клуб мүшелері жеті мегажұлдыздың бәрінің әскери борышын аяқтап шығуын күтіп жүр.
«Төртеуі аяқтады. Ертең тағы екеуі, сосын Suga да армиядан оралады. Жеті патша қайта бас қосады», — дейді 72 жастағы жанкүйер Филип Дарбишир.
Ол әншілерді әскери база алдында күтіп алу үшін Австралиядан арнайы келген.
Осының алдында топтың екі мүшесі Jin мен J-Hope армиядан оралып, түрлі ойын-сауық шоуларына қатысып үлгерген. Ал Jimin, Jung Kook және Suga 21 маусымнан кейін әскери борышын атқарып шығады.
Әлемге әйгілі топ 2022 жылдан бері жаңа өнім ұсынған жоқ. Енді олар қайта қосылуға уәде беріп жүр.
«Әркім өз жолымен жүрді, енді біздің басымыз қайта қосылды. Маған бірге болған ұнайды», — деген J-Hope 2024 жылғы желтоқсанда.
HYBE ойын-сауық тобы осы аптада BTS FESTA деп аталатын ауқымды шара ұйымдастырады. Фестиваль топтың құрылғанына 12 жыл толуына арналады.
Оңтүстік Кореяда азаматтардың бәрі әскери борышын өтеуге міндетті. Бұл елде әскерге жарамды жастарды ешкімнің әлеуметтік мертебесіне қарамай, армияға алып кетеді.