
Дүниежүзілік банк кедейлік шегін 2,15 доллардан 3 долларға дейін көтерді. Бұл туралы қаржы ұйымының ресми сайтында жарияланды.
Енді бір тәулікте бар болғаны 3 доллардан аз ақшаға өмір сүретін адам кедейге жатады. Оны анықтау кезінде әлем елдерінің тауар сатып алу мүмкіндігі ескерілген.
3 доллар ұлттық валютамен шаққанда шамамен 1526 теңге болады.
Кедейліктің халықаралық деңгейі үнемі жаңарып отырады. Соңғы мәрте 2022 жылы өзгерген. Үш жыл бұрын әлемде шамамен 838 млн адамның тақыр кедей екені анықталған.
Дүниежүзілік банк кедейлік деңгейін 1990 жылдан бері белгілеп келеді.
Ресми статистика бойынша, Қазақстанда халықтың 5,2%-ы – кедей. Дүниежүзілік банк республика халқының 14,6%-ы, яғни шаммен 2,9 млн адам кедей өмір сүреді деп есептейді.
Қазақстан үкіметі биылдан бастап кедейлік шегін жаңа тәртіппен есептей бастады. Үкіметтің дерегінше, биыл елдегі 2 млн-ға жуық балалы отбасы мемлекеттен көмек алды.