
2024 жылы «Интергаз Орталық Азия» топ-менеджерлеріне 426,1 млн теңге төленген. Қазақстан қор биржасы (KASE) сайтында жарияланған есепте айтылған. Компания үкіметке тиесілі.
Бір жыл бойы компания басқармасында төрт адам болғанын ескерсек, әр топ-менеджер орташа есеппен 8,8 млн теңге алған. Оған жалақы ғана емес, бонустар мен басқа да төлемдер кіреді.
Есепте былтыр компанияның басшылық құрамындағыларға, басқарма мүшелер мен тәуелсіз директорларға, барлығы сегіз адамға 520,7 млн теңге аударғаны айтылған. Басқармадағы төрт адамға 426,1 млн теңге төленгенін ескерсек, тәуелсіз директорлардың бәрі бір жылда 94,6 млн теңге алған.
«Интергаз Орталық Азия» сайтындағы мәлімет бойынша, компания директорлар кеңесіне екі тәуелсіз директор кіреді. Олар: Олжас Тілеуқабылұлы мен Таңбай Наушиев. Екіншісі кеңеске 2024 жылғы қазанда қосылған.
Директорлар кеңесінің алты мүшесі бар. Компанияны басқаратын Манас Тасыбаев та кеңеске мүше.
«Интергаз Орталық Азия» 1997 жылғы 1 шілдеде тіркелген. Компанияның 100% үлесі QazaqGaz арқылы «Самұрық Қазынаға» тиесілі. Осылайша, компанияның түпкілікті иесі – Қазақстан үкіметі.
«Интергаз Орталық Азия» табиғи газды тасымалдау, сақтау және газ құбырларына техникалық қызмет көрсетумен айналысады.