Назарбаевқа тиесілі ресейлік банктің табысы екі есе артты

Жарияланды 10 Маусым 2025 10:15

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі банк табысы көбейді / фото: АТБ баспасөз қызметі
Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі банк табысы көбейді / фото: АТБ баспасөз қызметі

Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев қорына тиесілі ресейлік Азия-Тынық Мұхит Банкі (АТБ) 2025 жылдың алғашқы тоқсанында 3,8 млрд рубль таза табыс тапты. Бұл туралы қаржы мекемесінің есебінде айтылды.

Банк табысын ұлттық валютамен есептер болсақ, 20 млрд теңгеден асады. 2024 жылдың алғашқы тоқсанымен салыстырсақ, қаржы ұйымының табысы 122%-ға артқанын көруге болады. Банк былтыр алғашқы үш айда 1,7 млрд рубль табыс тапқан.

Бір жылдың ішінде банк активтері 10,7%-ға (303,4 млрд рубль), ал міндеттемелері 13%-ға (258,2 млрд рубль) азайған. Пайдаланбаған табыс 31,3 млрд рубль болған.

Азия-Тынық Мұхит банкі – Ресейдің Таяу Шығыс және Сібір өңірлерінде жұмыс істейтін аймақтық банк. Қаржы мекемесі 320 мың жеке тұлғаға, сонымен бірге 30 мың заңды тұлғаға қызмет көрсетеді. Оның Ресейдегі 22 өңірде 88 елдімекенде 147 бөлімшесі бар.

Ашық дереккөздердегі мәліметке сәйкес, банк таза табысы бойынша Ресейдегі басқа да қаржы мекемелері арасында 25-орын алады.

2021 жылы Ресей Орталық банкі АТБ-ны саудаға шығарған. Оны Pioneer Capital Invest 14 млрд рубльге сатып алған. Сол кезде осы компанияны Jusan тобы басқаратын.

2022 жылғы қарашадағы мәлімет бойынша, банк Pioneer Capital Invest компаниясының жалғыз қаржы активі болған. Ал осы компанияның иесі деп Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысы бар «Назарбаев қоры» аталған. Банктің тағы да сатылғаны туралы мәлімет жоқ, сол себепті оны қазір кім басқаратыны әзірге түсініксіз.

Сондай-ақ оқыңыз