Павел Дуров: авторитарлы елдердің өзінде Франциядағыдай қиындық болмаған

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Кәсіпкер Павел Дуров Парижде қалай ұсталғаны туралы баяндады / скриншот
Кәсіпкер Павел Дуров Парижде қалай ұсталғаны туралы баяндады / скриншот

Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров америкалық журналист Такер Карлсонға сұхбат беріп, француз билігі қалай ұстағаны, қандай айыптар таққаны туралы айтты. Бір сағаттық әңгіме Карлсонның YouTube-арнасында жарияланды.

Дуров Карлсонға осымен екінші мәрте сұхбат беріп отыр. Алғашқысы 2024 жылғы сәуірде, қамауға түсерге дейін жарық көрген. Жаңа кездесуде кәсіпкер Францияда өзіне тағылған айыптардың мәнін әлі күнге дейін түсінбейтінін жасырмады.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы тамызда Павел Дуров Париж әуежайында ұсталған. Оған Telegram контентін дұрыс тексермеді, құқық қорғау органдарымен бірге жұмыс істеуден бас тартты деп айыптады. Бұған қоса, оған алаяқтық секілді заңға қайшы әрекеттерді насихаттады деген де айып тағылды. Кейін Дуров 5 млн еуро кепілпұлмен бостандыққа шықты. Алайда оған тергеу кезінде Франция аумағынан кетуге тыйым салынды.

«Әуелі бізді заңға қатысты сұрауларға жауап бермедік деп айыптады. Өтірік. Солай болған күннің өзінде, осындай заңсыз әрекетке қатысы бар деудің өзі күлкілі. Адвокаттардың айтуынша, мені айыптауға татырлық ештеңе жоқ», — дейді Дуров.

Карлсонға берген сұхбатында Дуров Telegram мессенджерін миллиардтаған аудиториясы бар, үнемі аудиторлық тексеруден өтетін платформа деп сипаттады.

Әңгіме барысында кәсіпкердің ұлты сөз болды. Себебі америкалық журналист оның Парижде ұсталуын Дуровтың орыс болуымен байланысты деп топшылаған. Дуровтың айтуынша, батыс баспасөзі авторитарлы елдер деп атайтын мемлекеттердің өзінде бұған дейін заңға қатысты ешқандай қиындық болмаған.

2025 жылғы наурызда Дуров Франциядан Дубайға оралған. Биыл Telegram әлемнің ең танымал екінші мессенджеріне айналды. Кәсіпкер Қазақстанды Орталық Азияның экономикалық державасы деп атап, елге сапары туралы жазған.

Сондай-ақ оқыңыз