Қазығұртта оқушы өлімінен соң, жұмыстан шығарылған мұғалімдер қайта қабылданды

Жарияланды
Қазығұртта оқушы өлімінен соң жұмыстан шығарылған мұғалімдер қайта жұмысқа қабылданды
Қазығұртта оқушы өлімінен соң, жұмыстан шығарылған мұғалімдер қайта жұмысқа қабылданды / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Жұмысшы ауылындағы А.Оразбаева атындағы мектептің 6-сынып оқушысы Ұлағат Сейдулла сабақ уақытында  қайтыс болғаннан кейін, жұмыстан босатылған 4 мұғалім мектепке қайта жұмысқа қабылданған. Бұл туралы марқұм оқушының анасы Гүлмира Көшеева хабарлады. Мұғалімдердің қайта жұмысқа қабылданғанын облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма және облыстық білім басқармасы растады.

Осы жылы 7 ақпан күні 6-сынып оқушысы Ұлағат Сейдулла әдеттегідей сабағына кетіп, үйіне табытпен оралған еді. Оқушының анасы Гүлмира Көшеева ұлымды сыныптасы буындырып өлтірді деп мәлімдеген. Баласынан  айырылып, қара жамылған ана мектеп мұғалімдері балаларға дұрыс қарағанда, мұндай қайғылы жағдай болмайтын еді деп өкінген. Оқиғаға байланысты 4 мұғалім жұмыстан шығарылған. Ал мектеп директоры мен бір мұғалім өз еркімен жұмыстан кеткен болатын.

Көшееваның айтуынша, 10 маусым күні жұмыстан шығарылған 4 мұғалім мектепке қайта жұмысқа қабылданған. Бұған ашынған ол «Әділдік қайда?» деп отыр. 

«Балам мемлекеттің ғимаратында, мектепте қайтыс болды. Сол күні сабақта мұғалім болмаған, пән мұғалімі сабаққа кірмеген. Сынып жетекшісі мектепте болмаған. Балам талып, құлап жатқанда кабинеттің есігін ашып қараған кезекші мұғалім түк болмағандай кете салған. Сонда олардың бәрінің дым кінәсі жоқ па? Енді қайта келіп жұмыс істей бере ме?», – дейді ол ашынып.

Ұлағат Сейдулланың өліміне қатысты жұмыстан босатылған А.Оразбаева атындағы мектептің 4 мұғалімі қайта жұмысқа қабылданғанын Түркістан облыстық білім басқармасы растады. Басқарма мұғалімдердің неге қайта жұмысқа қабылданғаны туралы облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма жауап беретінін айтты.  Ал еңбек инспекциясы мектеп директорының мұғалімдерді жұмыстан шығару туралы бұйрығы заңсыз, Еңбек кодексінің талаптарына сай келмейтінін жеткізді.

Түркістан облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма өкілі Рауан Дүрменовтың айтуынша, 3 сәуір күні А.Оразбаева атындағы мектеп директоры 6-сынып оқушысы Ұлағат Сейдулланың өліміне қатысты 4 мұғалімді жұмыстан босату туралы бұйрық шығарған.

«Бұйрықта Еңбек Кодексінің  «Еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзу тәртібі» бабының (53-бабы) 11-тармағын көрсеткен. Бұл шетел азаматтарына қатысты бап. Ал мұғалімдерде шетел азаматтығы жоқ», – дейді ол.

Дүрменов мектеп директорының оқушының өліміне қатысты мектеп мұғалімдерін жұмыстан шығару туралы бұйрығы Еңбек кодексіне қайшы екенін айтады. Сондықтан еңбек инспекциясы жөніндегі басқарама мұғалімдерді шағымы негізінде бұл бұйрықтың күшін жойып, жарамсыз деп таныған. Қазіргі мектеп директорының міндетін уақытша атқарушыға мұғалімдерді қайта жұмысқа алуға міндеттеген.

Гүлмира Көшеева баласының өліміне қатысы бар мектеп мұғалімдерінің қайта жұмысқа қабылданғанына түбегейлі қарсы. Ол құзырлы органдар мұғалімдердің мектепке қайта қабылдау заңдылығын мұқият тексеруді сұрайды.

Бұған дейін 7 ақпан күні А.Оразбаева атындағы мектептің 6-сынып оқушысы Ұлағат Сейдулла сабақ уақытында қайтыс болғаны туралы жазған едік. Марқұмның анасы Гүлмира Көшееваның сөзінше, Ұлағатты буындырып өлтірді деген сыныптасының ата-анасына айыппұл салынған. Ал бала 12 жасқа толмауына байланысты қылмыстық жауаптан босатылып, іс қысқарған. Ол тергеу орындары қозғалып, кейіннен жабылған іс құжаттарын таратуға не жариялауға тыйым салғанын айтқан. Көшеева бала өліміне кінәлілер жазасыз қалмасын деген еді.

Сондай-ақ оқыңыз