Шымкентте балаларды ұрған балабақша қызметкері қамауға алынды

Шымкенттегі «Айкөркем» жекеменшік балабақшасының қызметкері үш жасқа толмаған балаларды кезекпен ұрған видеосы әлеуметтік желіде тарап кетті. Оқиғаның болғанын балабақша меңгерушісі растады. Ал қалалық полиция департаменті балабақша қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, оның қамалғанын мәлімдеді.
Желіде тараған видеоға қарағанда, балаларының денесінен көгерген іздерін байқаған ата-ана балабақшадағы бейнебақылау камерасын аштырған. Онда балабақшаның шамамен 3 жасқа толмаған тобын көруге болады. Кей балалар еденде жатқанын, енді бір тобы отырғаны байқалады. Арасында балаларға бас-көз болып отырған балабақша қызметкері балаларды ұрып-соғады. Оны көрген ата-ана эмоциясын жасыра алмай: «Не деген сұмдық мынау, апай? Мен бір ұрды, мақұл деп кешіремін деп отыр едім. Енді кешіре алмаймын» дейді. Балабақша қызметкерлері ата-анаға жағдайды түсіндіруге тырысады.
Видео желіде тараған соң аталған балабақшаның меңгерушісі Нұргүл Мамашарипова балабақша қызметкерінің балаларға қол көтергенін растап, бейнеүндеу жариялады. Оның сөзінше, оқиға 4 маусым күні болған. Балабақшаның ішкі бұйрығына сай балабақша қызметкері жұмыстан босатылған.
«Мұндай тәртіп пен талаптарды бұзатын қызметкерге біздің ұжымда орын жоқ. Бұл жағдайға қатты өкінемін. Балабақшамызда баланың қауіпсіздігі мен тәрбиесі басты назарда болады. Барлық ата-аналардан түсіністік танытуын өтінемін. Кешірім сұраймын», – деді ол бейнеүндеуде.
Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, ата-аналар баласын балабақшада ұрып-соққаны туралы арыз түсірген. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.
«Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жан-жақты және объективті тергеу іс-шараларының кешені жүргізілуде. Полициямен бейнебақылау камераларының жазбаларын тексеріліп, куәгерлерден жауап алынуда», – делінген полиция хабарламасында.
Осыған дейін Түркістан облысы Қазығұрт ауданында мектепте сабақ уақытында оқушы қайтыс болған.