Ақтөбеде 115 адамды алдап кеткен қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды

Қаржылық мониторинг агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаменті «Harmony Rider Technology» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатқанын хабарлады.
Күдіктілер өздерін АҚШ-та тіркелген электр самокаттарын өндіретін ірі компания ретінде таныстырып, азаматтарға жоғары табыс уәде еткен.
Іс жүзінде электр самокаттарын сатумен айналыспаған. Салымшыларға төлемдер тек жаңа қатысушылардың есебінен жасалған.
Салымшыларға салым сомасына байланысты күніне 12-ден 690 долларға дейін төлемдер ұсынылған. Жаңа қатысушыларды тартқаны үшін қосымша бонус уәде еткен.
Нәтижесінде 115 адам пирамидаға 197 миллион теңгеден астам қаражат салған.
«Тергеу кезінде күдіктілер салымшылардың ақшасын OKX крипто әмиянына аударып, одан кейін фиаттық ақшаға айырбастап, банк шоттарына шығарғаны анықталды. Заңсыз кірістер есебінен Ақтөбе қаласында 2 пәтер мен 3 автокөлік сатып алынып, жасыру мақсатында жақын туыстарына рәсімделген», – делінген агенттік хабарламасында.
Сот санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынған. Сотқа дейінгі тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданған.
ҚМА одан бөлек, қазіргі таңда Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Астана және Алматы қалаларында «HRT» қаржылық пирамидасының құрылымдық бөлімшелерін құру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын жеткізді.
Күні кеше Абай облысының тұрғындары Rakhat0425 қаржы пирамидасына 790 млн теңгені салып жібергенін хабарлағанбыз. Ол жерде пирамида ұйымдастырушылары 30 пайыздық дивиденд уәде еткен.
Ал сәуірде Қызылордада Qnet қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардан 301 млн теңгенің мүлкі тәркіленген.