LRT ісі: Дариға Назарбаева мен Нұрәли Әлиев тергеуге алына ма

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
LRT ісі: Дариға Назарбаева мен Нұрәлі Әлиев тергеуге алына ма
LRT ісі: Дариға Назарбаева мен Нұрәли Әлиев тергеуге алына ма/Коллаж: KursivMedia, бильд-редактор Ахтам Зиперо

Мәжіліс кулуарында Бас прокурор орынбасары Әсет Шындалиевтен журналистер LRT ісі айналасында есімі жиі айтылатын Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәли Әлиев тергеу орбитасына іліне ме деп сұрады.

Әсет Шындалиев қазіргі уақытта LRT айналасында белгілі екі іс барын, оның бірі бойынша 5 жыл бұрын үкім шығып, екінші іс Талғат Арданға қатысты қозғалғанын атап өтті. Ал Дариға Назарбаева мен Нұрәли Әлиевке қатысты өзінде ақпарат жоқ екенін жеткізді.

«Басқа қылмыстық қудалау органдарынан сұрау керек, мен білмеймін, менде ақпарат жоқ», – деді ол.

Сондай-ақ Әсет Шындалиев Түркияда ұсталған Талғат Ардан әлі де сол елде екенін, оны алдыру бойынша тиісті құжаттар жолданғанын жеткізді. Алайда Ардан елге қашан нақты экстрадициялануы мүмкін екенін айта алмады.

Нұрәли Әлиев LRT құрылысы жүріп жатқан кезде Астана қаласы әкімінің орынбасары ретінде құрылыс жұмыстарына араласқан. LRT ісі бойынша іздеуде жүрген қала әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков Әлиев пен сол кездегі әкім Әділбек Жақсыбеков екеуі Кәрім Мәсімовпен бірге Қытайдың даму банкінен қарыз алып, оны Астана банкі арқылы жымқырғанын айтқан. Ал Дариға Назарбаева сол банктің мүддесін қорғаған болуы мүмкін деген.

Бұған дейін, сырттай сотталған «Астана LRT» ЖШС-ның бұрынғы басшысы Талғат Ардан Түркияда ұсталғанын хабарлағанбыз.

Талғат Арданды 2024 жылдың қарашасында Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танып, 9 жылға соттаған.

LRT құрылысы

Үкімет жоспары бойынша Астана LRT құрылысы 2011 жылы басталып, «ЭКСПО-2017» көрмесіне қарай аяқталуы тиіс еді. Бірақ құрылысты аяқтау мерзімі бірнеше рет кейінге шегеріліп, пайдалануға әлі берілген жоқ.

2022 жылдың басында Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке LRT жобасын біржақты қылуды тапсырды. Президент оны «кәдімгі инфрақұрылымдық жобадан елдің абырой-беделіне нұқсан келтіретін күрделі проблемаға айналды» деп сынап, «сыбайлас жемқорлықтың иісі мүңкіп тұрған жоба» екенін айтты.

Жалпы ұзындығы 22,4 шақырымды құрайтын LRT жобасының құны әу баста 1,9 млрд долларды құрайтыны айтылған. Қазір жобаны Сity Transportation Systems ЖШС жүзеге асырып жатыр.

Құрылысы 14 жылға созылған LRT биыл күзде сынақ режимінде іске қосылмақ.

Сондай-ақ оқыңыз